×

6 өңірде ВИЧ-тан өлім көрсеткіші жоғары

Сырқаттанушылық 2 есе өскен

 Дәурен Ерболат 30.05.2023 | 14:00
Фото: Halyq Uni

Қазақстанның 6 облысында ВИЧ-тан (иммун тапшылығы вирусы, АИТВ) өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

7 өңірде – Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Астана және Алматы қалаларында сырқаттанушылық Қазақстан бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан болатын өлім-жітім 6 облыста (Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы) орташа республикалық көрсеткіштен жоғары. Қарағанды облысында бұл көрсеткіш орташа республикалық деңгейден 4 есе артық, - деді Ажар Ғиният.

Министрдің пікірінше, үкіметтік емес ұйымдар эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруда және аурудың жаңа жағдайларын анықтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан олардың да әлеуетін пайдалану керек.

«Түркістан, Атырау, Қостанай, Шығыс Қазақстан және Астана, Шымкент қалаларындағы 7 үкіметтік емес ұйым ғана мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс алды. Қазақстанда жалпы 44 үкіметтік емес ұйым бар. Қалған өңірлерде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс соңғы жылдары бөлінбейді, бұл эпидемиологиялық жағдайға (кері) ықпалын тигізетіні сөзсіз», - деді министр.

Оның айтуынша, Қазақстанда ВИЧ (АИТВ) жұқтырғандар саны 2 есе артқан.

Соңғы 10 жылда елімізде адамның иммун тапшылығы вирусының (ВИЧ, АИТВ) инфекциясымен сырқаттанушылық 2 есе өскен. Мысалы, 2013 жылғы 11,5-тен 2022 жылы 20,3-ке дейін. Жұқтырылған иммун тапшылығының синдромынан (ЖИТС) болатын өлім-жітім көрсеткіші 1,7 есе төмендеді, - деді Ажар Ғиният.

Ол ВИЧ-пен өмір сүретін барлық адамның 95%-ы өзінің мәртебесі туралы біліп, емделуі керек деген ұстанымда.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама