×

Тұрмысы төмен 7 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналастырылды

Жыл басынан бері 494,3 мың адамға АӘК тағайындалған

 Динара Амантай 24.05.2023 | 12:27
Фото: baribar.kz

Биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын 11,5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, олардың ішінде тұрақты жұмысқа – 6,6 мың, қоғамдық жұмыстарға – 3,6 мың, әлеуметтік жұмыс орындарына – 895, жастар практикасы арқылы 50 адам «екі қолға бір күрек» тапқан. Оқытумен 66 адам қамтылып, 246 АӘК алушыға кәсіпкерлік бастамаларды дамытуға жәрдем көрсетілді.

«Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңға сәйкес жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын – өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-нан аз, ҚР-да тұрақты тұратын Қазақстан азаматтары, қандастар, босқындар, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар АӘК алуға құқылы. АӘК мөлшері осы көрсеткіш пен отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы табыс арасындағы айырмашылықты құрайды.

2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша 94,2 мың отбасындағы 494,3 мың адамға АӘК тағайындалды.

Шартты ақшалай көмекті еңбекке қабілетті алушылардың құрылымында 124,8 мың адам бар. Оның ішінде 72,7 мың адам өтініш берген кезде жұмыс істеген, 282 адам – тәуелсіз жұмысшы, 44,4 мың адам күтіммен айналысқан, 7,4 мың адам жұмыссыз болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама