×

Жоғарғы сот 5 жылға сотталған Елжан Біртановтың шағымын қараудан бас тартты

Экс-министр сот үкіміне қатысты Халықаралық сотқа жүгінетінін айтты

 Айгерім Таубай 24.05.2023 | 10:44
Фото: Halyq Uni

Жоғарғы сот бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың шағымын қараудан бас тартты. Бұл туралы Halyq Uni тілшісіне экс-министр мәлімдеді.

Бұған дейін Елжан Біртанов сот үкіміне байланысты Жоғарғы сотқа шағым түсірді.

Өкінішке қарай Жоғарғы сотқа наурызда жіберген арызымыз 5 мамырда қаралды, бірақ қабылданған жоқ. Арызды алдын ала тыңдау кезінде үш судья қарастырды. Ешқандай негіз жоқ, қарауға жатпайды деп қайтарып берді. Өзіміз де түсінбей қалдық. Заңсыздық жалғасып жатыр, - деді бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Halyq Uni тілшісіне.

Елжан Біртанов енді сот үкіміне қатысты Халықаралық сотқа жүгінетінін айтты.

Әрі қарай не істейтінімізді ақылдасып жатырмыз. Халықаралық сотқа дайындалып жатырмыз. Конституциялық сотқа, Жоғарғы сотқа да қосымша тағы да барамыз деп жоспарлап отырмыз, - деді Елжан Біртанов.

Айта кетейік, 2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді. Екеуі де өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. 

Денсаулық сақтау министрлігі бұрынғы министрді «пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар туралы барлық деректі біріктіруге тиіс болған жұмыс істемейтін ақпараттық платформаны қабылдап, пайдалануға берген» деп айыптап, 1,5 млрд теңге шығын келтірді деп сотқа талап арыз берген.

Сот оны ішінара қанағаттандырып, 1,3 млрд теңгені мемлекетке қайтаруды міндеттеді.

2022 жылдың 9 қарашасында экс-министр Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

2023 жылдың 10 ақпанында Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама