×

«Естімеген сөз қалмады»: күйеуі қызметте қайтыс болған жесірлер ұл-қызын шипажайға жібере алмай жүр

«Құқық қорғау қызмет туралы» заңның 66-бабында қызметкерлер қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер көрсетілген 

 Айгерім Таубай 23.05.2023 | 11:45

Күйеуі қызмет барысында қайтыс болған жесірлер ұл-қызын шипажайға жібере алмай жүр. Заң бойынша марқұм қызметкердің балалары кәмелет жасына толғанша ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында көмек алуы қажет. Астаналық әйелдер Halyq Uni тілшісіне мәселесін айтып, министрлік пен қалалық полиция департаментінің әрекет етпей отырғанын жеткізді.

Соның бірі – Айман Аманова. Күйеуі пополковник Арман Аманов Астана қаласы Арнайы жедел әрекет ету отряды командирінің орынбасары болған.

«2020 жылы коронавирус инфекциясына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Сол кезде жұмыс бабында инфекция жұқтырған адамдармен байланыста болып, денсаулығына байланысты аурудан қайтыс болды. Жарты жылдан кейін үй, өтемақы бойынша құқық қорғау органдарына жүгіндім, бірақ барлық жерде маған көмек берілмеді. Оның ішінде Ішкі істер министрлігі, қалалық полиция департаменті, әкімшілік, мемлекеттік тұрғын үй қоры бар. Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Үш баламен жалғыз қалдым. Ол кезде кішісі 1,5 жаста болатын, екі балам 4 және 6 жаста болды. Екі жыл жүріп үйді алдым. Өтемақысын берді. Оның өзінде өте қиын жолдан өттім. Бармаған адамым, естімеген сөз қалмады», - дейді Айман Аманова.

Әйел күйеуі қайтыс болғаннан кейін ұл-қызына шипажайда ем қабылдау заңмен белгіленгенін айтады. Алайда ішкі істер министрлігіне қарасты «Қазақстан» санаториясы биылдан бастап балаларды қабылдамайтындарын айтқан.

Үш балам да аурушаң. Бізде «Құқық қорғау қызмет» туралы заң бар. Соған сәйкес біз мемлекеттің қорғауындағы адам болып саналамыз. Бізге тіпті санат та бермеген. Көмек алайын десек, біздің санат еш жерде көрсетілмеген. «Ардагерлер туралы» заңда көрсетілген дейді, бірақ оның өзінде заңды ашып, түгел ақтарып шығу керек. Ол заңда тек «әскери қызметшілердің отбасы» деп көрсетілген. Ал кей жер құқық қорғау қызметі әскери қызметке жатпайды деп қайтарып жібереді. Себебі заңды түсінбейді. Заңда нақтылық жоқ, - дейді Айман Аманова.

Айтуынша, «Құқық қорғау қызмет» туралы заңда қызмет бабында қайтыс болғандардың ұл-қызына санатория-курорттық емдеу сақталады делінген.

Заңда жұмыс бабында қайтыс болған қызметкердің балалары санатория-курорттық емдеуге жіберіледі делінген. Екі апта бұрын Ішкі істер министрлігіне қарайтын «Қазақстан» санаториясына жүгіндім. Ол жақта балаларымды қабылдаудан бас тартты. «Биылдан бастап балаларды қабылдамаймыз, балаларды әкелмеңіз» деп жауап берді. Заң бар екенін айтып, балаларды енді қайда апаруға болатынын сұрадым. Олардың сөзінше, санаторияда балаларды емдейтін дәрігерлер жоқ. «Мүмкіндік жоқ» деп айтты, - дейді Айман Аманова.

Содан кейін әйел Ішкі істер министрлігіне жүгінген. Айтуынша, қалалық полиция департаменті не министрлік нақты жауап бере алмаған.

«Заңды министрлік өз қызметкерлері үшін шығарған, бірақ анығын өздері де білмейді. Қазақстан бойынша жесір қалған әйелдермен байланыстамыз. Әйелдер санатория-курорттық емдеуге бармаған, себебі хабары жоқ. Арамызда әлі күнге дейін күйеуі қайтыс болған соң берілген үйді жекешелендіріп алмаған әйелдер бар. (...) Үш бала әкесіз өсіп жатыр. Тіпті мектептен беретін көмекті ала алмаймыз. Себебі біздің санат тізімде жоқ. «Мектепке жол» бағдарламасы бойынша да бізге көмек көрсетілмеді. Министрлікке жазып, қыркүйектің ортасында мектеп директоры арқылы әр балаға 40 мың теңгеден алдық. Ол 40 мың теңгеге не алуға болады?», - дейді әйел.

ЖАСТАР ҚАНДАЙ ЕРЛІК ЖАСАЙДЫ?

29 жыл бұрын Астанада қайтыс болған Жанайдар Жирентаевтың жесірі өзінің зейнеткер екенін, алайда жастайынан жесір қалған әйелдерді қолдау қажет екенін айтады.

«Жолдасым 1994 жылы қайтыс болды. 90 жылдар рэкет, бандитизм өршіп тұрған кез. Өзі Ауған соғысының ардагері. Жарақат алып келген. Біраз жылдан кейін Алматы ауданында қылмыстық іздестіру қызметінде жедел уәкіл болып жұмыс істеді. Қоңырау түскен кезде оқиға орнына барған. Ол аулада атыс басталған. Аулада балалар мен бір жүкті әйел жүрген. Бірнеше секунд ішінде сондай жағдай болған. Өзі туралы ойламай, оққа қарай ұшып, балаларды қорғап қалды. 2002 жылы елордада көшенің аты берілді», - дейді Назкен Жирентаева.

Назкен Жирентаева қазір зейнеткер ретінде қоғамдық көлікте тегін жүреді. Алайда одан басқа ешқандай көмек алмайды.

Күйеуім Ауған соғысы ардагері болған, бірақ қайтыс болып кетті. Шипажайда ем алу бойынша бізге жолдама тегін беріле ме деп сұрадым. Сонда менің мемлекеттің толық қамқорлығымда екенімді айтты. 15 мың теңге аламын, сол мемлекеттің толық қамқорлығы деп саналады екен. 30 жылдың ішінде 2 300 теңгеден өсті. Біздің құқығымыз еш жерде белгіленбеген. Менің балаларым өздері оқыды. Қазір шиіттей баламен қалған жас қыздарға жаным ашиды. Еш жерде тегін оқу мен тегін ем жоқ, - дейді Назкен Жирентаева.

Зейнеткер мемлекет қызметкерлер мен олардың отбасына қамқорлық жасалуға міндетті екенін айтты.

«Күйеуінен айырылып қалған әйелдерді білемін. Олар таңнан кешке дейін жылайды. Біз көпбалалы әйелдер сияқты митингке шықпаймыз, батырдың әйеліміз деп ешкімге қол жаймаймыз. Ал қазір керек болып отыр. Жақында бір заң шықты. Қаңтардан кейін қайтқан кісінің жалақысының 40 пайызы отбасына беріледі екен. Сонда Қаңтарға дейін қайтқан кісілер батыр емес пе? Олардың отбасына не болады? Неге олай қайшыландырып қояды? Бұл дұрыс емес. Бұл Конституцияға сай емес. Қазір патриотизм дейміз... Біздің жұбайымыз өзі туралы, отбасы туралы ойламай, көзді жұмып ерлікке барды. Қазіргі қызметкерлер мемлекет қамқорлық жасамаса, қандай ерлік жасайды?», - дейді Назкен Жирентаева.

ЗАҢДА НЕ ЖАЗЫЛҒАН?

«Құқық қорғау қызмет туралы» заңның 66-бабында қызметкерлер қаза тапқан немесе мертiккен жағдайда берiлетiн кепiлдiктер көрсетілген. Осы баптың 7-бөлігінде қызметтiк мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балаларына, олар кәмелеттiк жасқа толғанға дейiн Үкімет белгілеген тәртіппен медициналық және санаториялық-курорттық қызмет көрсету құқығы сақталады делінген.

Үкіметтің 2016 жылдың 18 ақпандағы №78 қаулысымен құқық қорғау органдарының қызметкерлерін және олармен бірге тұратын отбасы мүшелерін, зейнеткерлерін, сондай-ақ қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің балаларын олар кәмелеттік жасқа толғанға дейін тиісті мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету қағидалары бекітілген.

Қаулыда қызмет мiндетін атқару кезiнде қаза тапқан қызметкердiң балалары кәмелетке толғанға дейiн олардың ішкі істер органдарының медициналық ұйымдарында медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз етілу құқығы сақталады делінген.

Айта кетейік, бұл мәселе бойынша Halyq Uni ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама