×

Астана әуежайында балағат сөздер айтқан жолаушылар жауапқа тартылды

Ер адамға бірден 3 әкімшілік хаттама толтырылды

 Динара Амантай 17.05.2023 | 09:15
Фото: ашық дереккөз

Астана әуежайында балағат сөздер айтып, полицейлердің заңды талабына бағынбаған жолаушылар жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне FlyArystan әуекомпаниясының өкілі «Астана-Алматы» бағытындағы әуе рейсі жолаушыларының біріне қатысты шара қолдану туралы шағымданды. Оның айтуынша, рейске тіркеу кезінде ер адам өзін дөрекі ұстаған және балағат сөздер айтқан.

Көлік полицейлері тексеру кезінде Алматы қаласының 36 жастағы тұрғынын анықтады. Ол полиция бөліміне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған. Құқық бұзушыға қатысты ӘҚБтК-нің 434-бабы («Ұсақ бұзақылық»), 440-бабы («Алкогольді ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу»), 667-бабы («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») бойынша бірден 3 әкімшілік хаттама толтырылып, 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық пен бағынбау бойынша материал шешім қабылдау үшін Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.

Жоғарыда аталған әуекомпанияның «Астана-Қызылорда» бағытындағы тағы бір жолаушысы әкімшілік құқық бұзушылық жасады. Бұл жолы елорданың 40 жастағы тұрғыны масаң күйінде болып, тіркеуге кешігіп келген, әуекомпания қызметкерлеріне балағат сөздер айтқан және полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамаған. Оған да ӘҚБтК-нің 434-бабы, 440-бабы, 667-бабы бойынша әкімшілік материалдар толтырылды.

Көлік полицейлері жолаушылардың әуе кемесінде тәртіп сақтап, белгіленген ережелерді орындауы – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі екенін еске салады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама