×

«Мені туғанда гүл салатын жәшікке тастап кеткен»: Жалғызбасты әкемен сұқбат

Ерболат Сайлаубаевтың арманы – әлемді аралау

 Ая Өміртай 16.05.2023 | 16:38
Фото: Halyq Uni

33 жастағы Ерболат Сайлаубаев Алматыдағы ЦУМ сауда үйінде телефон алып сатумен айналысады. Жалғызбасты әкенің тағдыр жолы да ерекше басталған. Оның қазіргі арманы – баласын ештеңеден тарықтырмай өсіру. Halyq Uni тілшісі алматылық жалғызбасты әкенің әңгімесін тыңдап қайтты. 

Алматыдағы ең танымал көшенің бірі Арбат алаңы өтіп бара жатқан адамды өзіне тартып тұратыны жасырын емес. Жоғары сән дүкендері мен көркем галереялар, театрлар, самсап тұрған кафелер көздің жауын алса, өнер көрсетіп нәпақасын тауып отырған көше музыканттарынсыз Арбатты елестету қиын. 

33 жастағы Ерболат бұл жердің қыр-сырына әбден қаныққан. Сырттай әдемі көрінетін Арбат сырын ішіне бүгіп жатыр деген ол мұнда сауда бәсі қызып тұрғанын айтады. Айтуынша, оған телефон сататындардың дені – жастар. Өйткені банк ақшалай несие бермейтіндіктен, олар банктен заттай алған тауарларын Ерболатқа әкеліп сататын көрінеді. 

ЦУМ сауда үйінің екінші қабатында телефон сататын шағын дүкенім бар. Маған көбіне жастар келеді. Істі болып қалғандар, біреудің көлігін соғып алғандар деген сияқты түрлі жағдай себеп болып келетіндер бар. Оларға банктен ақшалай несие бермегендіктен, заттай тауарын маған сатады. Біздің жергілікті тұрғындар, қазақтар саудаға қатты келеді. Ресейден келетін сатып алушылар бағаға саудаласпай тез алады, – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында. 

«АНА МАХАББАТЫНЫҢ ОРНЫН ЕШТЕҢЕМЕН ТОЛТЫРА АЛМАЙСЫҢ»

Ерболат Сайлаубаевтың айтуынша, әйелі босанған соң қайтыс болып кеткен, қазір ол баласын жалғыз тәрбиелеп отыр. 7 жасар қызын мектепке апарады, керек-жарағын сатып алып беріп, ештеңеден тарықтырмай өсіргісі келеді. 

Жолдасым босанған соң марқұм болып кетті. Қазір қызым жеті жасқа толды. Өзім бағып-қағамын, сабағына қараймын. Мектебіне апарамын. Әрине, жалғызбасты әке болудың қиындықтары да баршылық. Өйткені балаға ана махаббатының орнын ештеңемен толтыра алмайсың. Бәрін бергеніңмен, ананың жылуы мен мейірінің орны бөлек болып тұрады. Сөзбен түсіндіре алмайсың. Қызымның мінезі қатты, көбіне айналасына сене бермейді. Ең бастысы өзінің таңдауымен өскенін қалаймын. Еркін ойлы азамат болса деп отырамын, – дейді Ерболат бізге берген сұқбатында.

«АҚЫЛДЫ БАЛАЛАР СУИЦИД ЖАСАЙДЫ»

Ерболаттың өзі Тараз қаласындағы «Ұлан» балалар үйінде тәрбиеленген. Оның айтуынша, балалар құқығы ең жиі бұзылатын, бақылаусыз орындардың бірі – жетімдер үйі. Ерболат балалар үйіне шақалақ күйінде түскен.

«Тәрбиешілердің айтуынша, жаңа жыл қарсаңында мені гүл салатын жәшікке тастап кеткен екен. 18 жасқа дейін сол балалар үйінде тәрбиелендім. Балалар үйінде жағдай өте қиын болатын. Тәрбиешіл ұрады, өзіңнен үлкен балалар әлімжеттік көрсетеді. Бізді қанша тепкілесе де, өзімізге қол жұмсау ойымызға келмейтін. Ойламсыз балалар жүре береді. Көбіне ақылды балалар ғана суицид жасайды. Олар болашағын алыстан ойлап, үміті үзіледі. Әрине, көз алдымызда өзіне қол жұмсап қайтыс болған балалар болды. Бірақ ондай жазым оқиғалар сыртқа шығарылмайтын. Олардың сұрауы, туған-туысы жоқ болғандықтан басқа салғанына көнеді», – деп еске алды Ерболат Сайлаубаев.

БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ДЕ ЖЕМҚОРЛЫҚ БАР

Ерболат шыққан «Ұлан» балалар үйінің директорына 2005-2006 жылдары жетім балалардың қаржысын өзінің жеке басына пайдаланған деген күдікпен қылмыстық іс қозғалған. 200-ге тарта жетім бала тәрбиеленіп жатқан балалар үйінің басшысы тәрбиленушілердің шотындағы 131 мың 700 теңгені өз қажетіне пайдаланғаны туралы медиада хабарланып, күдіктінің табылмай отырғаны анықталған еді. Мұны сол кездегі балалар үйінің тәрбиеленушісі Ерболаттың өзі де растайды.

Қазір біздің еліміздегі басты мәселе – жемқорлық қой. Жемқорлық балалар үйінде де бар. Бөлінген қаржыны мақсатты түрде пайдаланғаннан гөрі, лауазымды қызметтегі басшылардың қалтасына кетіп жатқанына өзіміз куә болғанбыз, – дейді ол. 

Ол балалар үйінен кеткен соң, М.Х.Дулати атындағы университетке түсіп, программист мамандығын алып шыққан. Оқуды бітірген соң, Ресей, Украинаға барып жұмыс істеп көрген.

«Қазіргі балалар үйінде өсіп жатқандардың жағдайы жақсы. Тұрғын-үй кезегіне бірден қояды. Олардың болашағын мемлекет уайымдайды. Біздің кезімізде оқуға түссең түстің, түспесең 18 жастан кейін кететін жағыңа кете бер дейтін. Амал жоқ, грантқа түстім. Стипендия алып жүріп, оқуды аяқтадым. Кейін Ресейге, Украинаға жұмысқа кетіп қалған кездерім болды. Қайтып келіп, мемлекет тарапынан Тараздан берген үйді сатып, Алматыдан үй алдым», – деп әңгімесін жалғаған Ерболат қазір балалар үйіне өзінің жиі барып тұратындығын жеткізді.

Оған себеп – бір кездері өзі түлеп ұшқан ортадағы өзі сынды балалардың қуанышына себепкер болу. 

«ТАБЫСЫМНЫҢ 30 ПАЙЫЗЫН БАЛАЛАР ҮЙІНЕ ЖҰМСАЙМЫН»

«Әке-шешемді артынан іздестіріп, моласын таптым. Қайтыс болып кеткен екен. Қарағанды өңірінің тумалары болып шықты. Қазір табысымның 30 пайызын міндетті түрде балалар үйіне жұмсаймын. Ол ақшадан байып, я кеміп қалмайтыным анық. Олар ойыншық, әсіресе тәттіні жақсы көреді. Өйткені балалар үйіндегілер тәтті тағамдар мен әке-шешелері беретін сезімдерді көрмей өседі. Мен келгенде есік алдынан қуанып қарсы алады. Қазір олар ер жетіп қалғандықтан, ақшалай сыйлық берсе екен деп тұрады. Өйткені мектепке барғанда үйдің балаларымен тең, қатар жүргісі келеді. Оларды да түсінуге болады. Өздері таңдап киінгісі келеді. Бүгін он баланы қыдыртсам, келесі жолы он баланы қыдыртамын. Балалардың жүзін көргенде мынауым аз болып қалған жоқ па деп ойланып қаламын. Мөлдіреген көзімен қараған кезде жүрегім шыдамай кетеді», – дейді Ерболат Сайлаубаев. 

Табиғатынан мінезі жайдары Ерболат кез келген әңгімесін күле отырып жеткізетінін аңғардық. Сөз арасында ол өзінің арманы жайында да айтып қалды. 

Құдай қаласа, қызым өсіп, бой жетіп, өмірден өз орнын тапқан соң ақшам жоқ болса да әлемге саяхаттағым келеді. Қазірге дейін ТМД елдерінің көбін араладым. Достарым көп емес. Адам өскен сайын досы да азая береді екен. Қанша ақша берем десе де байлық, мансап мені қызықтырмайды. Арманым – әлемді аралау, – деп күлген ол дүкеніне қарай кете барды. 

Ол шағын дүңгіршекке қарай емес нағырағында үлкен арманына қадам басып барады…

Ресми түрде қазір Қазақстанда 22 мың жетім бала бар. Оның ішінде 18 291 бала (82,8%) отбасында, 3790 бала балалар ұйымдарында тәрбиеленіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама