Halyq Uni логотип
×

«Бәрін біліп отырмыз»: ҰҚК қатарында құмар ойынға тәуелді қызметкерлер бар

Құзырлы орган тиісті шешім қабылдауға дайын

 Дәурен Ерболат 15.05.2023 | 13:40
«Бәрін біліп отырмыз»: ҰҚК қатарында құмар ойынға тәуелді қызметкерлер бар
Фото: matritca.kz

Ұлттық қауіпсіздік комитетінде құмар ойындарға тәуелді қызметкерлер бар. Бұл туралы ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Руслан Берденов лудомания мәселесін көтеріп, ҰҚК төрағасының орынбасарына сұрақ қойды.

«Сіз бір ғана жағдай деп айттыңыз. Өкінішке қарай, жағдай мүлдем басқаша. Марқұм жігіт (ҰҚК Академиясының курсанты – авт.) 2 күн бұрын маған аноним хат жазды.

Сіздерде бұл біржолғы жағдай емес. Жоғары курстағылардың бәрі (құмар ойын – авт.) ойнайды. Сіздің әріптестеріңіз де ойнайды. Сондықтан мәселеге тек кішігірім есеп жасап қана қоймай, ауқымды жұмыс істесеңіздер дұрыс болады. Өйткені, бұл – әскери орындардағы үлкен проблема.

Мен күнде әртүрлі хаттар аламын. Депутаттар бұл мәселені қолға алып, (адамдармен) жеке кездесіп жатырмыз. Сіздерде де бұл күрделі проблема», - деді Руслан Берденов.

ҰҚК төрағасының орынбасары Марат Қалқабаев мұндай мәселе барын мойындады.

Бәрін түсініп, біліп отырмыз. Қолдан келген істің бәрін істейміз. Проблеманы білеміз. Тиісті шешім қабылдаймыз, - деді Марат Қалқабаев.

Еске салайық, 30 сәуірде ҰҚК Академиясының жатақханасында курсанттың мәйіті табылды. Өлімнің себебі – өзін-өзі өлтіру. 

Одан кейін белгілі журналист Михаил Козачков өзіне қол жұмсаған курсанттың соңғы хатын жариялады. Хатта жазылғандай, жас жігіт құмар ойынға тәуелді болған. Марқұм өзіне қол жұмсаған күні жаңадан алған несиесінің төлем уақыты келгенін жазған.

Ата-анам арманымның бәрін орындап, қалағанымның бәрін істеді. Жұрттан қалмасын деп күндіз-түні мен үшін еңбек етті. Ал мен бұның бәрін осылай өтедім, – делінген хатта.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама