×

Атырау облысында ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Жәбірленушілердің пайдасына 44 млн аса материалды және моральды залал өндірілді

 Динара Амантай 13.05.2023 | 11:17
Фото: aikyn.kz

Атырау облысында 3 адамды қасақана өлтірген ер адам өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 3 адамды қасақана өлтіріп, 1 адамды қасақана өлтіруге оқталғаны, атыс қаруларын иемденіп, тасымалдап, қолданған ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотта анықталғандай, сотталушы басқа некедегі әйелмен кездесе бастаған. Нәтижесінде әйел үш баласымен сотталушымен бас қосып, ал балаларының әкесіне олармен араласуға тыйым салған. Біраз уақыттан соң, сотталушы өзінің көңілдесінің 2 жасөспірім баласын ұрған. Бұл туралы балалары өз әкесіне хабарлап, дене жарақатын түсіріп алған бейнежазбаны көрсеткен. Балалардың әкесі полицияға арызбен шағымданған. Полиция учаскесінде тараптар арасында келіспеушілік туындап, олар бұл мәселені кешке кездесіп шешетін болып келіскен.

Сол күні кеште сотталушы екі атыс тапаншасын салып алып, келіскен жерге келген. Балалардың әкесінің інісі аталған жерге туыстарымен бірге 2 автокөлікпен келген. Туыстардың бірі көліктен шыққан кезде сотталушы оның басына оқ атқан. Кейін автокөлікте отырған екі ер адамға да оқ атқан. Ал балалардың әкесінің інісі өз өмірін сақтау үшін кездесу орнынан қаша жөнелген. Алайда сотталушы оны қуып жетіп, екінші тапаншадан оған бірнеше рет оқ атқан. Қылмыс жасағаннан кейін сотталушы екі тапаншаны жерге көміп тастап, оқиға орнынан қашып кеткен, кейін жолда ұсталған.

Сотталушының қылмыстық әрекеті салдарынан 3 адам оқиға орнында қаза болған, тағы бір адам дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде тірі қалған.

Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың жауаптарымен, мүрделерді қарау, тапаншаларды табу хаттамасымен, сараптама қорытындыларымен, оқиғаның тікелей бейнесі түсірілген бейнежазбалармен дәлелденді. Сот қаулысымен тағайындалған сараптама қорытындысына сәйкес сотталушы қылмыс жасаған уақытта аффект жағдайында болмаған, психикалық ауытқу анықталмаған.

Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ.

Сот сотталушының жеке басын, жасалған қылмыстың сипаты мен дәрежесінің қоғамға қауіптілігін, оның қылмыс жасағанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын ескеріп, сотталушының түзелуіне жеткілікті қажетті және әділ жаза тағайындау және жаңа қылмыстардың алдын алу қағидаларын басшылыққа алып, түпкілікті өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің пайдасына 44 млн аса материалды және моральды залал өндірілді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама