×

Жетісу облысында шенеуніктердің үстінен қылмыстық іс қозғалды

Кербұлақ ауданында су шайып кеткен автожолға қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды

 Динара Амантай 11.05.2023 | 11:41
Фото: ашық дереккөз

Жетісу облысының прокуратурасы Кербұлақ ауданында автомобиль жолын салу кезінде жіберілген бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, 7 наурызда Кербұлақ ауданында еріген сулардың шайылуы салдарынан Малайсары станциясына қарай автомобиль жолы жартылай қирап, жарамсыз болып қалған. Прокурорлық тексеру нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында Заңның өрескел бұзушылықтарына жол берілгені анықталды.

Бастапқыда бұл жұмыстар мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама жүргізбестен мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды. Салдарынан су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген және жүргізілген жұмыстардың сапасы қамтамасыз етілмеген.

Прокуратура мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде мемлекетке зиян келтірген және аса ірі залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін анықтады.

Осы факті бойынша 3 сәуірде арнайы прокурорлар іске асыратын ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі («Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама