×

Жеті келіншекті жолда босандырып алған жас фельдшер көмекке мұқтаж

Жас маманның кредит алып салған жаңа үйі өртеніп кеткен

 Наима Нұрәлі 11.05.2023 | 11:22

Алматы облысында жеті әйелді жолда – жедел жәрдем көлігінде аман-есен босандырып алған 25 жастағы Дархан Бақыткелдінің баспанасы түгі қалмай өртеніп кеткен. Өрт шыққанда үйде ешкім болмаған. Алайда, жас отбасының қазір тұратын жері жоқ. Қазір туыстарының үйін паналап жүр.

Боралдай кентіндегі жедел медициналық жәрдем подстанциясының фельдшері тиісті мекемелерден көмек сұрап хат жазғанымен, еш нәтиже болмаған. Екі аптадан бері туыстарының үйін паналап жүрген маман өртенген үйін қалпына келтіру үшін елден көмек сұрайды.

Дархан үй салу үшін банктен 5 млн теңге көлемінде несие алған. Талғар ауданына қарасты Еңбекші ауылында тұратын жас отбасы үйіне былтыр қазан айында ғана кіріпті.

«Жас отбасымыз. Екі жасар ұлымыз бар. Еңбекші ауылында тұрамыз. Үйіміз сәуірдің 26-нан 27-не қараған түні өртенді, ол күні мен жұмыста болдым. Әйелім мен балам туыстарымыздың үйіне қыдырып кеткен еді. Өрт тоқтың қысқа тұйықталуынан болған ғой, жуынатын бөлмедегі бойлерден басталыпты. Банктен несие, туыстардан қарыз алып салып едім, өкінішке қарай өртеніп кетті. Жиһаз, құжат, киім-кешектің бірі де қалмады. Жеті ай ғана тұрдық», - дейді ол.

Дархан 2020 жылы үйленген, қазір келіншегі бала тәрбиесімен үйде отыр. Бір баланың әкесі аудан орталығы – Талғардан Боралдайға қатынап жұмыс істейді. Жас фельдшер толғағы қысқан жеті әйелді жолда – жедел жәрдем көлігінде босандыруға көмектескен.

Соңғы рет 22 сәуірде бір келіншекті босандырдым. Боралдайдан аудан орталығы Өтеген батыр кентіндегі перзентханаға апара жатып, кептеліс кезінде босандырып алуға тура келді. Дүниеге ұл бала дүниеге келді, салмағы – 3,6 кг, бойы – 54 см болды. Босандыру процесі қиын өтті. Себебі, баланың кіндігі мойнына оратылып шықты. Дегенмен бала да, ана да аман қалды, - дейді маман.

Дархан фельдшерлік қызметі жолында талай адамды кездестіргенін айтады. Тіпті, өз баласынан бас тартқан әйел де болыпты. Егер жаңа туған сәбидің бауырына басатын адам болмаса, өзі асырап алмақ болған.

«Жасы 35-40 шамасындағы әйелді туыстары ауруханаға әкелді. Өйткені, іші ауыруын қоймаған. Сөйтсе, ол кісінің аяғы ауыр болып шықты. Ата-анасы одан хабарсыз. Оларға білдірмеу үшін ішін матамен қатты байлап тастаған екен. Екінші рет ол келіншектің үйіне мен бардым. Үйіне кіріп, ауруханаға жүріңіз десем, "кетіңдер" деп жылады. Біз жүктіліктің соңғы аптасында үйінде қалдыра алмаймыз. Барынша түсіндіріп, көлікке отырғыздық. Сұрақтарыма жауап бермейді. Сол арада көлік ішінде босандырып алдым. Баланы бауырына басқысы келмеді. Қолына берсем, асфальтқа лақтырып жіберердей көрінді. Аман-есен ауруханаға жеткіздік. Баланың әкесі кім екенінен хабарсыз екен. Артынша анасы "қызыма бала керек болмаса, маған керек», деп бауырына басты. Егер баладан бас тартса, өзім-ақ асырап алар едім», - дейді Дархан.

Қазір фельдшердің отбасы туыстарының үйін паналап жүр. Баспанасыз қалғаны өз алдына, банк алдындағы қарызы мен туыстарына берешегі де көп.

Дарханға көмектесемін деген мейірімді жандар болса, реквизиті төменде:

  • KZ22722C000020062659
  • Kaspi Gold: 87074199010 (Дархан Бахыткелді)

Серіктес жаңалықтары

Сараптама