×

«222 ардагер қалды»: Қазақстанда ҰОС ардагерлеріне қандай көмек көрсетіледі?

ҰОС жеңісіне үлес қосқан 60 106 азамат бар

 Айнұр Шошаева 09.05.2023 | 09:48
Фото: egemen.kz

Қазақстанда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 78 жылдығын мерекелеу құрметіне ардагерлерге 4,6 млрд теңге көлемінде материалдық көмек көрсетіледі, деп хабарлайды Halyq Uni

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше елімізде ҰОС қатысқан 222 адам қалған (1 мамырдағы жағдай бойынша). Сондай-ақ соғыс кезеңінде  жараланып, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ ҰОС жеңісіне үлес қосқан 60 106 азамат тұрады.  Олардың ішінде қоршаудағы Ленинград тұрғындары – 78 адам; концлагерьлердің бұрынғы кәмелетке толмаған тұтқындары – 175 адам; ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 2 413 адам; ҰОС – да қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 4 адам; тыл еңбеккерлері – 57 436 адам.

Биыл Жеңіс күні қарсаңында жергілікті атқарушы органдар 4,6 млрд теңге сомасында біржолғы көмек көрсетуді көздеп отыр. Өңір әкімдіктері ардагерлерге 1,5 млн теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсетеді. Павлодар мен Ақтөбе облыстары 2 млн теңгеден береді. Айта кетейік, бүгінде бірде бір ардагер қалмаған өңірлер де бар. Мәселен, Ұлытау мен Атырау облысында ардагер жоқ. Ұлытау өңірінде 801 тыл ардагері, соғыс ардагерлерінің 33 жесірі мен 5 тұтқыны бар. Тыл ардагерлері мен тұтқындарға, яғни 806 адамға 100 мыңнан бір реттік  көмек, 33 жесірге 50 мың теңгеден бір реттік әлеуметтік көмек көрсетіледі. Ал Атырау облысында жалғыз концлагер тұтқыны тұрады оған 1 миллион теңге беріледі. Одан бөлек тыл еңбеккерлері мен соғыстан зардап шеккен басқа да азаматтарға түрлі көлемде ақшалай көмек көрсету көзделіп отыр. Еліміздің барлық өңірінде ҰОС ардагерлеріне төлемдерді аудару басталды, 9 мамырға дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚАНДАЙ ҚАМҚОРЛЫҚ БАР?

Қазақстанда ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі. Оларды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылып келеді. 

Атап айтқанда, зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Азаматтардың 20 санатына (соғысқа қатысушылар, тыл еңбеккерлері, ре азаматтар және т.б.) өзге де әлеуметтік төлемдерге қарамастан арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу жүзеге асырылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметін сәйкес, 2023 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша зейнетақыны ескере отырып ай сайын алынатын әлеуметтік төлемдердің орташа жиынтық мөлшері:

  •  ҰОС қатысушылары үшін – 220 754 теңге (161 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдар үшін – 229 286 теңге (61 адам);
  • басқа мемлекеттердің (Ауғанстан, Вьетнам, Алжир, Мысыр, Ирак және т. б.) аумағындағы әскери іс-қимылдарының ардагерлері үшін – 215 201 теңге (25 752 адам);
  • жеңілдіктер бойынша ҰОС қатысушыларына теңестірілген адамдар үшін – 182 782 теңге (3 648 адам);
  • ҰОС кезеңінде жарақат алу, контузия алу, мертігу немесе ауру салдарынан мүгедектігі бар адамдарға жеңілдіктер бойынша теңестірілген адамдар үшін – 140 838 теңге (14 424 адам);
  • ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлері үшін – 148 892 теңге (57 436 адам).

Сондай-ақ ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Айта кетейік, олардың барлығы әскери қызметшілер үшін қолданылатын құқықтар мен кепілдіктерге ие. Салық салу бойынша жеңілдіктерді пайдаланады, Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда білікті медициналық көмек көрсетіледі, санаторлық-курорттық емдеу ұсынылады (367 млн теңгеге 1 989 адам).

Бұған қоса, жергілікті атқарушы органдар бюджет және демеушілер есебінен оларға мереке кезінде материалдық көмек түрінде және келесі нысанда қосымша әлеуметтік қолдау түрлерін көрсетеді: тұрғын үйді жөндеу (20,4 млн теңгеге 114 ардагер), отынмен қамтамасыз ету (179,3 млн теңгеге 3 384 адам), қоғамдық көлікте жол жүру жеңілдіктері (116,8 млн теңгеге 6 463 адам), дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (56,4 млн теңгеге 4 826 адам), тіс протездеу (22 млн теңгеге 239 адам), азық-түлік топтамасы (81,3 млн теңгеге 8 097 адам) және әлеуметтік көмектің басқа да түрлері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама