Прокурор Гүлмира Сатыбалдыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады
Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы келіні Гүлмира Сатыбалдыға сот үкімі шықты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Сот Гүлмира Сатыбалдыны қылмыстық кодекстің 389-бабының 4-бөлігі, 28-бабының 3-бөлігі, 125-бабының 2-бөлігі 1 және 8 тармағы бойынша кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Мемлекет басшысына Гүлмира Сатыбалдыны «Құрмет» мемлекеттік наградасынан айыру туралы ұсыныс енгізеледі.
Бұған дейін мемлекеттік айыптаушы Азамат Сәрсенбаев бірнеше бап бойынша айыпталған Гүлмира Сатыбалдыны мүлкін тәркілемей, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Іс бойынша сотталушылардың бірі Мади Батыршаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушы Рашид Өтебеков 5 жылға сотталды.
Үшеуі де жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.
Тұрсенғали Алагөзовтің материалдық залалды өндіру бойынша өтініші ішінара қанағаттандырылды. Сондай-ақ Гүлмира Сатыбалдыдан Алагөзовке 6,5 млрд теңге материалдық шығын GALANZ bottlers АҚ 43,25% акциясын беру арқылы өтеледі. Ал моральдық зиян 1 млн теңге деп бекітілді.
ГҮЛМИРА САТЫБАЛДЫ ІСІ
Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 389-бабының 3 және 4 бөлігі (өзінше билік ету), 28-бабының 3-бөлігі 1 және 8 тармағы (адамдарды пайдалану арқылы қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам орындаушы деп танылады), 125-бабының 2-бөлігінде (адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы және пайдакүнемдiк ниетпен адамды ұрлау) көрсетілген қылмысты жасады деген айып тағылған.
Айыптау актісіне сәйкес, 2020 жылдың қыркүйегінде Сатыбалды Алагөзовке тиесілі акциялар пакетін заңсыз иемденген. Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның меншігіндегі «Maxi Bottlers» үлесінің 75%-ын басқа сенімді тұлғаға қайта жазуды тапсырған. Алайда алдын ала уәде берген компания акцияларының 5%-ын Мекешеваға беруден бас тартқан.
Содан кейін Сатыбалды Мекешеваның өз еркімен акцияны жазып бермейтінін түсініп, оны ұрлау әрекетін ұйымдастырған. Мекешеваны ұрлап әкетуді жеке көмекшісі Батыршаевқа тапсырған. Ал Батыршаев бұл іске өзінің үш танысын тартқан.
Соттағы соңғы сөзінде Гүлмира Сатыбалды іс бойынша екі сотталушы Мади Батыршаев және Рашид Өтебековті де ақтауды сұрады.
«Тағылған айыппен келіспеймін. Біздің құқық қорғау органдары Алагөзов пен Мекешеваның арызын мұқият тексереді деп сендім. Өкінішке қарай, олай болмады. Сыни ойлай алатын кез келген адам маған қатысты істің елдегі саяси өзгерістерге байланысты қозғалғанын түсініп отыр. Мені елдің бірінші президентінің отбасымен байланыстырады. Қазақстанның бұрынғы президенті ағасының ұлы Қайрат Сатыбалдының әйелі деп айтып жатыр. Алайда ешкім Қайрат Сатыбалдымен 20 жылдан аса уақыт бұрын ажырасып кеткенімді айтпай отыр. Мені онымен тек ортақ 3 баламыз байланыстырады. Олар заңды некеде өмірге келген. Мен ұл-қызымның жақсы әкесі бар екенін мақтан тұтамын. Ортақ балаларымыз бар, бірақ одан басқа байланысымыз жоқ. Оның жеке өмірі бар. Ортақ кәсібіміз жоқ. Мені тұңғыш президенттің отбасымен негізсіз байланыстырып отыр», - деді Гүлмира Сатыбалды соттағы соңғы сөзінде.
Ал жәбірленушілердің бірі Тұрсенғали Алагөзов Гүлмира Сатыбалдыға қатаң жаза беру қажет екенін айтты.