×

Қостанайлық офицер сақтандыру компаниясынан 1,5 млн теңгені алдап алған

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкінді

 Динара Амантай 03.05.2023 | 11:46
Фото: Тұрар Қазанғапов

Қостанай қаласының №2 сотында алаяқтық бойынша 4 ер адамға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Сотта анықталғандай, 2022 жылдың желтоқсанында Қостанай қаласы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінің аға лейтенанты JACS7 автокөлігімен көшедегі бағанға соғылған. Зақымдалған көлік сақтандырылмаған болып шықты. Ал ер адам сақтандыру компаниясынан жөндеу жұмыстарына ақшаны заңсыз жолмен алуға шешім қабылдаған.

Сотталушы өзінің 3 танысын сақтандыру төлемін алу үшін жол апатын қолдан жасауға көндіреді. Олар жол-көлік оқиғасын имитациялағаннан кейін ер адам жәбірленуші ретінде полицияға хабарласқан. Артынша әкімшілік сот танысының бірін кінәлі деп танып, сақтандыру компаниясы сотталушыға 1 млн  500 мың теңге төлеп, кейін ақшаны олар өзара бөліскен.

Сотталушылар өз кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкінді.

Сот сотталушылардың жеке басын, істің мән-жайын, жәбірленушілерге келтірілген мүліктік зиянды өтеу бойынша жәбірленушілердің пікірлерін ескере отырып, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаларды тағайындады: лейтенантты 2 жыл 2 айға қамап, ал оның таныстарына пробациялық бақылауды белгілей отырып, әрқайсысының бас бостандығын 2 жыл мерзімге шектеу тағайындалды.

Соттың үкімімен С. мен Ш. азаматтық қорғау аға лейтенанты арнайы атақтарынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама