×

Президент «Қазақстан халқы Ассамблеясын жабу керек» дегендерге жауап берді

Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі жайлы сөз қозғады

 Дәурен Ерболат 27.04.2023 | 11:19
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқы Ассамблеясын жабу керек» деп сын айтатындарға жауап берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент жақында еліміз Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтетінін атап өтті.

«Бұл – ырыс-ынтымақты, татулық пен келісімді дәріптейтін мейрам. Қазақстан үшін бұл аса маңызды мереке. Еліміз Бірлік күнін міндетті түрде атап өтуге тиіс. Себебі қасиетті Отанымыздың іргесі бүтін, тұғыры мығым болсын десек, бірлігіміз әрқашан бекем болуы керек. Бұл – анық ақиқат», - деді ол ҚХА-ның XXXII cессиясында.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның алқалы жиынын жыл сайын ел бірлігі күніне орай өткізу дәстүрге айналғанын атап өтті.

Бұл сессия – көктем мезгілінде мемлекеттік деңгейде өтетін ең ауқымды іс-шара. Мұнда еліміз үшін өте маңызды ұсыныстар айтылады. Мен былтырғы сессияда Ата заңымызға өзгерістерді референдум арқылы енгізу туралы бастама көтердім. Көп ұзамай халқымыз өзінің тарихи таңдауын жасады. Конституцияға енгізілетін өзгерістерді қолдап дауыс берді, - деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат екенін айтты.

«Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет. Бұл жалаң ұран емес, әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы керек.

Халқымыз бірліктің және тыныштықтың қадірін біледі. Бұл – небір қиын-қыстау заманды өткерген, қазақ жерінен пана тапқан барша этностар үшін де қымбат құндылықтар. Осы құндылықтарды бағалай білгеннің арқасында жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Бұл – теңдессіз жетістік!, - деді Тоқаев.

Оның пікірінше, әрбір қазақстандық бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Президент Қазақстанға ҚХА керектігін атап өтті.

«Бұл қызмет ешқашан тоқтамайды, үздіксіз жалғаса береді. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады. Біз осы мызғымас қағидаға әрдайым адал болуымыз керек.

Татулық пен келісімнің ерекше маңызды екенін жұрттың бәрі бірдей сезінбеуі мүмкін. Сол себепті кейде «Ассамблеяның қажеті жоқ» деген ұшқары, яғни күмәнді пікірлер айтылып жатады. Шын мәнінде, Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт.

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады», - деп сөзін түйіндеді мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама