×

Судандағы шиеленіс: бірқатар қазақстандық қарулы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды

15 сәуірде Суданның Ұлттық қорғаныс күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталды

 Халық үні 27.04.2023 | 10:04
Судан, 20 сәуір, AP Photo/Marwan Ali

Қарулы қақтығыс болып жатқан Суданда жүрген бірқатар қазақстандықтар эвакуацияланды. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады.

Министрлік ақпаратына сәйкес, Судандағы жағдай шиеленісіп жатыр. 15 сәуірде Суданның Ұлттық қорғаныс күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасында қарулы қақтығыс басталды. Қазір Хартум қаласында және елдің басқа аймақтарында соғыс қимылдары жалғасып жатыр. Қақтығыс тараптары жариялаған үш күндік гуманитарлық бітім қайта-қайта бұзылып жатқаны белгілі.

Судандағы соғыс қимылдары басталған сәттен бастап Қазақстан Республикасының Эфиопиядағы Елшілігі қазақстандық азаматтарды қақтығыс аймағынан эвакуациялау мәселесін барынша пысықтауға кірісті. Эфиопияда тіркелген бірқатар елшіліктер мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесулер өткізіліп, оларға Қазақстан Республикасының азаматтарын Суданнан эвакуациялауға көмектесу үшін ресми өтініштер жіберілді, - делінген СІМ ақпаратында.

Қазірге дейін Қазақстанның бірқатар азаматы қақтығыс аймағынан эвакуацияланды.

Қазақстан азаматтарын Эфиопия мен Сауд Арабиясы Корольдігінің аумағы арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр, - деп хабарлады министрлік.

Эфиопиядағы Қазақстан Елшілігі азаматтарымызды Суданнан келісілген және қауіпсіз шығару үшін Мысырдағы және Сауд Арабиядағы ҚР дипломатиялық өкілдіктерімен тығыз байланыста отыр.

Қазақстан азаматтарының нақты санын анықтау және оларға Суданнан эвакуациялауға жәрдем көрсету үшін Елшілік жанынан жедел желі ашылды: +251 945 051 624 (WhatsApp), kazembethiopia@gmail.com, kazembethiopia@mfa.kz.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама