×

Арыстанбек Мұхамедиұлы ісі: куәгер Үндістандағы даулы көрмеге қатысты жауап берді

Сотқа мәдениет министрлігіндегі департамент директоры Анар Досқожаева қатысты

 Айгерім Таубай 26.04.2023 | 12:45
фото: Halyq Uni

Астанада бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 26 сәуірде өткен сот отырысына іс бойынша куәгер Анар Досқожаева қатысты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тергеу мәліметіне сәйкес, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2020 жылы Ұлттық музейді басқарып тұрған кезде «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрме жобасы аясында «Ұлы дала: кеңістік, уақыт, мәдениет» көрмесін шетелдерде өткізуге қаражат бөлінген. АҚШ, Германия, Италия, Индонезия, Литвада халықаралық көрмелер өткізуге шамамен 1,27 млрд теңге бюджет сомасы бекітілген.

2020 жылдың қаңтарында аталған елдер ұсыныстан бас тартқан. Алайда Мұхамедиұлы көрме өткізетін елдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдады. Ол үшін 2020 жылдың 13 қаңтарында Ұлттық музейден Қазақстанның Үндістандағы елшісіне Үндістанның Ұлттық музейінде көрме өткізуге жәрдемдесу туралы хат жолдаған.

Прокурор Еркеғали Зәкіровтың айтуынша, қылмыстық топ құрамында Мұхамедиұлы Үндістандағы «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде 221 млн теңгені жымқырған.

Іс бойынша куәгер Анар Досқожаева 2019-2020 жылдары Мәдениет министрлігі экономика және қаржы департаментінің директоры қызметін атқарған.

Бастапқыда бекітілген бюджетте 5 ел болды. Оның ішінде Индонезия, АҚШ, Литва болды. 2020 жылы бюджетті нақтылау кезінде Индонезия Үндістанға алмастырылды. Бюджетке қатысты заңнамадаға сәйкес, мұндай өзгеріс жасауға болады. Бюджеттік бағдарламаның мақсаты – шетелде көрмелерді танымал ету. Мұндай жағдайда түпкілікті нәтиже сақталуы керек. Ал түпкі нәтиже – шетелде көрме өткізу, - деді куәгер Анар Досқожаева.

Өзгерістер туралы департамент басшысы көрме Үндістанға жол тартқан кезде білген.

«Алмаз Нұрасхан (Ұлттық музей директорының орынбасары болған - авт.) министрлікке келіп, көрме өтетін елді өзгертіп, көрменің Үндістанға жолға шыққанын айтты. Ол Үндістаннан шақыру келгендіктен, сол жаққа баруға шешім қабылданғанын айтты. (...) Наурызда қаржы министрлігінен пандемия басталғанын айтылған, халықаралық және ел ішіндегі іс-шараларға бөлінген қаражатты бюджетке қайтару туралы хат келді. Нұрасхан кабинетіме келген кезде бұл туралы оған айттым. Ақшаны бюджетке қайтару қажет екенін айттым. Бірақ ол көрме жолға шығып кеткенін, олай істей алмайтынын жеткізді. Шешім қабылдау үшін мәдениет департаментіне жібердім», - деді ол.

Айтуынша, бірнеше күннен кейін қызметтік хат келген. Ол жерде Үндістандағы көрме аяқталған соң, экспонаттарды елге қайтару қажет екені айтылған.

Сондай-ақ департамент директоры сол кезде бюджетке түзету енгізілмегенін, экспонаттар бюджетке өзгеріс енгізілмей тұрып жіберілгенін айтты.

4 елге қатысты бюджет қайтарылды. Көрме жіберілген соң мен істей аламын?, - деді Анар Досқожаева мемлекеттік айыптаушының сұрағына жауап беріп.

Айта кетейік, Астанада 2023 жылдың 17 сәуірінде экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты сот процесі басталды. Істі Байқоңыр ауданы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьясы Бағлан Ыдырысов қарайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама