×

БАҚ-та зардап шеккен балалар туралы ақпаратты таратуға тыйым салынады – Ақпарат министрлігі

АҚДМ медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөнінде арнайы ұсыным жариялады

 Халық үні 25.04.2023 | 13:24
фото: gov.kz

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі медиадағы балалар тақырыбы этикасы жөнінде арнайы ұсыным жариялады. Бұл туралы министрлік ұйымдастырған «Медиа этикасы мен балалардың құқықтарын қорғау» атты дөңгелек үстелде айтылды.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі:

Мемлекет басшысы әйелдер мен балалардың құқығын қорғау шараларын заңнамалық тұрғыдан күшейтуді, отбасы құндылықтарын насихаттауға баса назар аударуды тапсырғаны белгілі. Бүгінде бала құқығын қорғау – мәселесі өте өзекті. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында бала құқығының сақталуына ерекше мән беруге тиіспіз.

Сондай-ақ министр бұл мәселеде ең алдымен БҰҰ бала құқығы туралы конвенциясы назарға алынатыны және министрлік әзірлеген ұсыным жиналған сарапшылардың ой-пікірімен толықтырылып, елдегі бүкіл ақпарат құралдарына таратылатын айтты.

Айта кету керек, 2023 жылдың басынан бері ақпарат құралдарында балалардың ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты 2 435 бұзушылық анықталған.

Министрдің сөзінше, әлемнің көп елінде кәмелетке толмаған зорлық-зомбылық құрбандары туралы ақпарат таратуға заңмен тыйым салынған.

«Өкінішке қарай, ақпарат құралдарында кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және суицид тақырыбына арналған материалдардың таралуына жиі жол беріледі. Бұл – этикалық қағидаларды ғана емес, заң талаптарын да бұзу. Осылайша, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңға сәйкес, адамның жеке және биометриялық деректерін, оның ішінде оның ата-анасы және өзге де заңды өкілдері туралы мәліметтерді, жеке тұлғаны анықтауға мүмкіндік беретін өзге де мәліметтерді, зардап шеккен бала туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдарында таратуға тыйым салынады. Біз мұны ұдайы естен шығармауымыз керек», - деді Дархан Қыдырәлі.

Жиында Қазақстандағы ЮНИСЕФ басшысының орынбасары Летисия Баззия-Вэйл, Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы – Насымжан Оспанова, «БҰҰ-әйелдер» ұйымы ұлттық комиссияның мүшесі Динара Құсайын, журналист, PhD доктор, Ясауи университетінің профессоры Молдияр Ергебеков, Мәжіліс депутаты Гаухар Танашева, ҚР президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, халықаралық ұйым өкілдері мен медиа сарапшылар сөз сөйледі.

«Медиа-этика және балалар құқықтарын қорғау» туралы дөңгелек үстел отырысының қорытындысы бойынша ұсынымдар қабылданды.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстандағы балалардың құқықтарын қорғаудың ерекше маңыздылығын және Мемлекет басшысының осы мәселе бойынша берген тапсырмаларын басшылыққа ала отырып, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының бала құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды әзірлеудегі күш-жігерін жұмылдыру қажеттілігін ескере отырып, медиа кеңістікте жариялау контекстінде кәмелетке толмағандармен байланысты буллинг, кибербуллинг, суицид, зорлық-зомбылық жағдайларының көбеюіне қатысты жұртшылықтың алаңдаушылығын қаперге ала отырып төмендегі ұсынымдарды жасау туралы келісті:

  • 1. БҰҰ Бас ассамблеясының 1989 жылғы 20 қарашадағы қарарымен қабылданған «Бала құқықтары туралы Конвенцияның» ережелерін басшылыққа алу;
  • 2. Мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бұқаралық коммуникация құралдарының балалармен байланысты құқыққа қайшы жағдайларды жариялау контекстінде жұртшылықтың медиа-сауаттылығын арттыру жөніндегі күш-жігерін біріктіру;
  • 3.1 «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» ұлттық баяндама шеңберінде БАҚ-тың балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алудағы ықпалы тақырыбында зерттеу жүргізуді көздеу;
  • 3.2 балаларға қатысты зорлық зомбылықтың алдын алу тақырыбында семинар мен тренингтер ұйымдастыру;
  • 3.3 журналистерге балаларға қатысты зорлық-зомбылық және суицид фактілерін жария ету бойынша халықаралық құжаттардың ережелерін және қалыптасқан тәжірибені ескере отырып нұсқаулық әзірлеу (балалардың жеке деректерін жария етуге тыйым салу, шамадан тыс егжей-тегжейді жарияламау және т.б.);
  • 3.4 балаларға арналған және балалардың қатысуымен жасалған контент әзірлеу.
  • 1. медиа-кеңістікте бала құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған гранттарды қарастыру;
  • 1. телеарналарда өндірілетін сериалдық өнім шеңберінде Балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған тақырыптық желілерді көздеу;
  • 2. бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар, бөлімдер ашыла отырып, материалдар (мақалалар, сюжеттер, деректі фильмдер, бейнероликтер) санын ұлғайтуды қамтамасыз ету;
  • 3. бұқаралық ақпарат құралдарындағы медиа-этика жөніндегі тұрақты комиссия құру.

Осы ұсынымдардың іске асырылуын бақылау Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жүктелді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама