×

Өлімнен ұят күшті ме: «Ерте жастағы жүктілік» деректі фильмінің тұсаукесері өтті

Соңғы 5 жылда 5792 қыз жасанды түсік жасатқан

 Ая Өміртай 20.04.2023 | 15:21
Фото: Halyq Uni

Соңғы 5 жылда ресми деректерге сәйкес 29 487 жасөспірім қыз жүкті болған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Деректі фильмде ерте жасында жүкті болып қалған қазақстандық төрт қыздың өмір жолы, көрген қиындығы мен қазіргі жағдайы баяндалады. Мәселен, небәрі 16 жасында босанған фильм кейіпкері қазір жас баласымен дағдарыс орталығында тұрып жатыр. Ал 17 жасында жүкті болған бойжеткен жоспарсыз жүктіліктің кесірінен қазір қылмыстық кодекстің 140, 110, 106-баптары бойынша әйелдер колониясында жазасын өтеп жүр. 

Фильм авторы Шырақ Байназардың айтуынша, аталған тақырып кездейсоқ таңдалмаған. Өйткені жыныстық сауаттың болмауынан ерте жасынан жүкті болып қалған қыздардың тағдыры түрлі жағдайда өрбіп жатыр. 

«Фильмді түсіру идеясы осыдан бір жарым жыл бұрын ойға келген еді. Өйткені осыған дейін youtube арнада жыныстық сауат тақырыбына арнап подкаст, әртүрлі бағдарламалар шығара бастаған кезде қоғам тарапынан жеккөрушілік, түсінбестік сыңайдағы пікірлермен жиі ұшырастым. Сол кезеңдерде «не үшін керек?» деген сұраққа толыққанды жауап беретін, ашып көрсететін фильм түсіру қажет деген ойға бекініп, осы жобаны қолға алдым», – дейді ол Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Оның айтуынша, қилы тағдыр иелерін табу, оларды сұқбатқа көндіру оңайға түспеген. Тіптен жауапты мемлекеттік мекемелердің өзі өңірлердегі ерте жастағы жүктілік мәселесін жасырып, жабуға тырысқан. Сондықтан журналист ақпарат жинау, оны өңдеуде бірқатар кедергілерге ұшырағанын алға тартты. 

Деректі фильмді жасөспірімдер арасында жүктілік көрсеткіші жоғары Түркістан, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында түсіргім келгенімен, жергілікті басқармалар ұсынысымызды қабылдамай тастады. Журналистерге ашық болу, бар проблеманы бар деп мойындауда баспасөз хатшыларының өзі тосқауыл болды. Сұқбаттасуға келісім бергендердің басым көпшілігі билетімізді алып ұшқалы тұрған сәтімізде соңғы минутта бас тартқан жағдайлар да кездесті. Ал 100-бап бойынша жазасын өтеп жүрген кейіпкерді өте ұзақ іздеуге тура келді. Тиісті мекемелер мені жолатпауға тырысты. Қазақстанда 6 әйелдер колониясы бар, соның әрқайсысына хабарласып жүріп, бір кейіпкерді таптым. Кейіпкер іздеуде өте көп қиындықтар болғандықтан, фильмнің түсірілім жұмыстары еріксіз тоқтап тұрды, – деп еске алды Шырақ Байназар. 

Фильм барысында келтірілген деректерге көз жүгіртсек, қылмыстық кодекстегі 100-бап бойынша, жаңа туған баланы анасының өлтiруi негізінде соңғы 5 жылда 47 іс қарастырылған. Бұл тек сәбиді туған әйелдің тұлғасы анықталған жағдайлар ғана.

Бұл орайда репродуктивті денсаулық бойынша эксперт Камила Тұяқбай жауапкершілікті ер адаммен теңдей бөлісіп үйренбеген қоғамда әйелдердің зәбір көруі жалғаса бермек дегенді айтады. Ал оның соңы өлімге дейін апарады.

Ер балалар, жігіттер жауапкершіліктен оңай құтылып жатуының себебі, біз бала тәрбиесінде баланы тууды да, асырауды да, жүктіліктің дұрыс болуын да әйел адам мойынына іліп қойғанбыз. Ал бұл жауапкершілікті ер адаммен бөлісіп үйренбегенбіз.Ұятты ортада өскен қыздар үлкендерге жүктілігі туралы айтудан соншалықты қорқатындығынан өлімге дейін барады, – дейді маман. 

Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекстің 150-бабына сәйкес қауіпсіз, медициналық жолмен түсік жасату үшін кәмелеттік жасқа толмаған қыз ата-анасының рұқсатын алу керек. Ал жағдайын әке-шешесіне айтып, жеткізе алмаған қыздар қылмыстық және тұрмыстық  түсік жасатуға мәжбүр. БҰҰ-ның UNFPA қорының зерттеуінің нәтижесі. 

Аталған фильм күнделікті өмірде қоғам байқай бермейтін, я қасақана байқағысы келмейтін жантүршігерлік қылмысқа үнсіз қалмауға шақырады. Яғни, қылмыс өздігінен бір адамның ғана қатысуымен жасалмайды. Қылмыс – бір-біріне жалғасқан салғырт, қатыгез, жауапкершілігі жоқ әрекеттердің соңғы нүктесі. Ал ерте жүкті болып қалған өрімдей қыздар қоғамның қыспағына түскені аздай, бұл жауапкершілікті жалғыз өздері арқалаумен келеді. Соңғы 5 жылда 5792 қыз жасанды түсік жасатқан. Бұл тек ресми тіркелген дерек қана. 

Фильмді NE BOLDY youtube арнасынан тамашалауға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама