×

Қордай ауданында асар әдісімен 15 отбасыға үй салынады

Жыл басынан бері 2 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген

 Динара Амантай 20.04.2023 | 10:48
Фото: Жамбыл обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

«Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қордай ауданында тұрмысы төмен азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл асар әдісімен 15 үй салу жоспарланған, ал жыл басынан бері 2 отбасы қоныс тойын тойлап үлгерген.

Сұлутөр ауылдық округінің әкімі Нұрлан Байсалдың айтуынша, ежелден келе жатқан игі дәстүрді жаңғырту жобасының басты мақсаты – мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ету ғана емес, халықты бірлікке жұмылдыру.

Аталған ауылдағы 2 баланың анасы Гүлжан Тұрлықожаеваға ауылдастары жаңа үй тарту етті. Бұған дейін ол балаларымен бірге тар, қолайсыз үйде тіршілік етіп келсе, енді барлық жағдайы жасалған, кең ауласы бар, төрт бөлмелі жаңа үйдің иесі атанып отыр.

Ауыл жастарының бастамасымен жалғызбасты анаға үй алып беру үшін қаржы жиналған. Оған ауылдықтар жабыла атсалысқан. Осылайша, тұрғындар бір-екі айдың ішінде 2,5 миллион теңге жинады.

Жолдасым көлік апатынан қайтыс болған соң, мен екі кішкентай баламен жалғыз қалдым. Ауылдықтар менің қиын өмірлік жағдайға тап болғанымды біліп, ақша жинап, осы жайлы үйді сатып алып берді. Көмек қолын созғандардың барлығына алғыс айтамын. Халқымыздың күші – бірлік пен қайырымдылықта. Кейін менің балаларым да мұқтаж жандарға көмек көрсететін болады, – дейді Гүлжан Тұрлықожаева.

Айта кету керек, жаңа үй иесінің жұмысқа орналасуына да көмек көрсетілген. Қазір ол эколог болып жұмыс істеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама