×

Instagram арқылы қазақстандықтарды алдаған күдіктілер ұсталды

Келтірілген шығын көлемі - 2 млн теңгеге жуық

 Динара Амантай 20.04.2023 | 09:12
Фото: polisia.kz

Атырау облысында «Anti-fraud» іс-шарасы аясында Instagram арқылы телефон сатамыз деп қазақстандықтарды алдаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 18-20 сәуір аралығында Атырау облысының аумағында «Anti-fraud» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шара барысында Атырау облысының полиция департаменті және Талдықорған қалалық ПБ киберқылмысқа қарсы күрес кызметкерлері бірлесіп, қылмыстық топты ұстады.

Күдіктілер әлеуметтік желі арқылы жалған парақша ашып, Iphone телефонын саудалап, алаяқтық әрекетімен айналысқан. Нарықтағы бағадан арзан смартфон аламын деген тұрғындар ақшасынан оңай айырылып қалған. Ал алаяқтар ақшаларды қолма-қол шығару арқылы дропперлерге аударып, кейін өздерінің есепшоттарына аударып отырған.

Жәбірленушілер арасында Семей қаласы, Алматы, Астана қаласы, Қарағанды, Ақтөбе, Ақтау қаласы, Ұлытау, Өскемен қаласы, Шымкент, Орал қаласы, Павлодар облыстарының тұрғындары бар. Ұсталған 18 жастағы және 56 жастағы күдіктілердің Алматы тұрғындары екені анықталды.

Тексеру кезінде екі IPhone 14 және IPhone 12, IPhone 6s, Samsung, ноутбук, 12 SIM-карта, Beeline модемі, түбіртектер тәркіленді. Келтірілген шығын көлемі 2 млн теңгеге жуық екені анықталды.

Қазір күдіктілерге қатысты ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жариялануға жатпайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама