×

«Заңсыз салынған кезекті үй»: G-Park компаниясының Вашингтон тұрғын үй кешені күрелетін болды

Бұған дейін үйдің заңсыз салынып жатқанын жазған едік

 Айнұр Шошаева 19.04.2023 | 13:34
Коллаж: Halyq Uni

Астанада G-Park компаниясы салып жатқан «Вашингтон» ТК күрелетін болды. Тиісті сот шешімі шыққан, деп хабарлады Halyq Uni.

Бұл туралы «Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры Дидар Смағұлов жазды.

«G-Park компаниясының «Вашингтон» ТК-ін күреу туралы шешім қабылданды. Соттың тиісті шешімі бар. Бұл – Ғабит Сәтмағамбетовтің өз бетінше салған кезекті үйі. Бізге көмек сұрап көптеген адам жүгінеді. Мәселе ықпалды адамдарға қатысты болғанына қарамастан, оларды объективті түрде қарастыруға міндеттіміз. Бұған дейінгі нысан сияқты құрылыс заңнаманы өрескел бұза отырып, рұқсат құжаттарынсыз, құрылыстың басталғаны туралы ескертусіз және жер учаскесіне тиісті құқықсыз жүргізілді», – деп жазды Дидар Смағұлов. 

Оның айтуынша, тұрғын үй кешені салынып жатқан жердің бір бөлігі жеке тұлғаға тиесілі. Құрылыс оның келісімін алмастан жүргізілген. Сондай-ақ былтыр тексеру кезінде үйдің 1-2 қабаты ғана салынған. Сол кезде сот құрылыс жұмыстарын тоқтатып, нысанды бұзу, демонтаждау туралы шешім шығарды. 

Алайда сот шешіміне қарамастан, құрылыс жұмыстары жалғасты. Бүгінде ол – үлкен көппәтерлі тұрғын үй кешені. 2022 жылдың желтоқсанында Азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы шешімді заңды деп санап, күшінде қалдырды. G-Park құрылысты неге тоқтатпай, тек жағдайды ушықтырды? Әлде кейін тұрғындарды митингке жіберу үшін істеді ме? Үйдің Ақордамен бір көшеде (Бөкейхан) тұрғанын көруге болады. Яғни, бұл бейберекетсіздіктің бәрі Президент Әкімшілігінің көз алдында болып жатыр, – деп қосты Дидар Смағұлов. 

Еске сала кетейік, бұған дейін қоғамдық ұйымның жетекшісі аталған компанияның комфорт санаттағы «Dublin» ТК-ін заңсыз салып жатқанын жазған едік. 

«Әдеттегідей «G-Park» менің аузымды жауып тастағысы келді: «Madrid» ТК бойынша үстімнен полицияға арыз жазса, онда «Dublin» ТК туралы жазбамнан кейін сотқа береміз деп шешті. Кеше ғана тұрғын үй кешенінің күрелетіні ресми мәлімделді. Үйдің 2-3 қабаты тұрғызылған», – деді ол. 

Сондай-ақ ол ТК салынатын жерді заңсыз алғанын атап өтті. Белгілі болғандай, жер учаскесі ӘКК арқылы алынған. Ал елорданың Бас жоспарында ол жерде дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған болатын. 

Осыны біле отырып, олар әлі де тұрғын үй кешенін сала бастады. Бас жоспарға сәйкес, заңсыз салынып жатқан тұрғын үй кешенінің астында қазір қалада салына бастаған жылу магистралінің негізгі бағыты өтуге тиіс. Әрі келесі жылыту маусымының басында ол елордадағы жылу тапшылығы мәселесін шешуі  керек. Әрине, бұл учаскеде магистраль құрылысын жалғастыру заңсыз құрылыс жүріп жатқандықтан мүмкін емес. Енді Ғабит Сатмағамбетов осы ТК-ға ақша салған адамдарға барлық қаражатты қайтаруға міндетті, қарапайым азаматтар зардап шекпеуі керек. Оның компанияларының активтері жеткілікті, ешкім ақшасыз қалмайды. Қажет болса, біз зардап шеккен салымшыларға тегін көмектесуге дайынбыз, – деді белсенді. 

Еске сала кетейік, «G-Park» құрылыс компаниясының басшысы Ғабит Сәтмағамбетов – VII шақырылымдағы Астана қаласы мәслихатының депутаты, сондай-ақ Amanat партиясының мүшесі.

Былтыр әлеуметтік желілерде Сәтмағамбетов пен көпбалалы аналар арасында болған жанжалдың видеосы жарияланды. Онда халық қалаулысының дөрекі сөйлеген көпбалалы аналарды балағаттағаны бейнеленді. Осы жанжалдан кейін депутат қайырымдылық жасауды тоқтататынын мәлімдеген болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама