×

Шымкентте алаяқтардың сall-орталығы әшкере болды (ВИДЕО)

Кеңседен 561 адамның анкетасы табылды

 Дастан Жұмабекұлы 17.04.2023 | 16:33
фото: polisia.kz

Шымкентте полицейлер алаяқтардың сall-орталығын әшкереледі.

Polisia.kz-тің хабарлауынша, кеңседен 561 адамның анкетасы табылды.

Интернет-алаяқтардың сall-орталығын әшкерелеуге қаладағы Абай ауданының тұрғыны көмектесті. Ол өзіне телефонмен белгісіз ер адамның қоңырау шалып, құны 12 млн теңге болатын жаңа Hyundai Accent автокөлігін ұтып алғанын хабарлап, құттықтағанын айтты. Қоңырау шалған алаяқ өзін тұтынушылар арасында ұтыс ойынын өткізіп жатқан желілік компанияның қызметкері ретінде таныстырған. «Оператор» жеңімпазға ұтысты алу үшін белгілі бір сайт арқылы оның көрсеткен шотын толтыруды өтінген. Жәбірленуші соған сеніп, 4 млн теңгеден аса ақшасынан айырылған.

Аталған жайт бойынша тергеушілер СДТБТ-ға ҚК-нің 190-бабымен қылмыстық істі тіркеді. Күдіктілерді анықтауға Шымкент қаласының ПД криминалдық полиция басқармасының интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі жедел-тергеу тобы жұмылдырылды. Алаяқтар Тараз қаласынан табылды. Олар Тараздан тағы бір «кеңсе» ашып алған екен.

Полицейлер алаяқтардың ізіне түсіп, 8 адамнан тұратын киберқылмыскерлер тобын ұстады. Олардың ең үлкені – 28, кішісі 18 жаста болып шықты.

Ұсталғандардың бұрын түрлі желілік дүкендердің call-орталықтарында оператор қызметін атқарғандары анықталды. Алаяқтар бизнес-орталықтарды жалға алып, жұмыс істеген. Кеңседен 19 мобильді құрылғы, 13 ноутбук, жалған құжаттарды пайдалануға, ақша есептеуге арналған жүйелік блок, жәбірленушілермен сөйлесуге арналған жадынама мен 561 адамның анкеталық тізімі табылып, тәркіленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама