×

Қорғаныс министрлігі сүйегі бір жылдан кейін табылған Дәуітбаевтың отбасына қандай көмек көрсетті

Ведомство жерлеу рәсіміне 245 мың теңге өтемақы төлеген

 Айгерім Таубай 14.04.2023 | 11:58
Коллаж Halyq Uni

Қорғаныс министрлігі Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде із-түзсіз кетіп, бір жылдан кейін сүйегі табылған Бауыржан Дәуітбаевтың отбасына ведомство тарапынан қандай көмек көрсетілгенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қорғаныс министрлігі кіші сержант Дәуітбаевтың жерлеу рәсіміне 245 040 теңге өтемақы төлеген.

Тұрғын үй төлемдері бойынша бір реттік 10 573 914 теңге ақшалай өтемақы берілді. Сондай-ақ қаза болуына байланысты бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде бір реттік ақшалай өтемақы көлемі – 7 920 580 теңге, - деп жауап берді министрлік ресми сауалға.

Сондай-ақ, 2021 жылдың 3 қыркүйегінен бастап қазірге дейін Қазақстанның Қарулы күштері әскери қызметшілері ерікті түрде 1 050 000 теңге көлемінде материалдық көмек көрсеткен.

Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысындағы 28349 әскери бөлімі өрт сөндіру бөлімінің командирі кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың жесірі Ділназ Данаеваға облыс әкімдігі резервінен 5 млн теңге, республикалық бюджетте көзделген Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен 10 млн теңге әлеуметтік көмек берілгені хабарланды.

Сондай-ақ марқұмның сүйегінің қалдықтары табылған кезде отбасына тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылғаны хабарланды.

Жамбыл облысы әкімдігінің хабарлауынша, Ділназ Данаева мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді атқару кезінде, әскери қызметте, адам өмірін құтқару кезінде, құқықтық тәртіпті қорғау кезінде қаза тапқан азаматтар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұр.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

Апат салдарынан 18 адам ажал құшып, 100-ге жуық адам жарақат алды. 

Қайтыс болғандардың ішінде Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі бір жылдан кейін табылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама