×

Қирап қалатын лифтілер мен эскалаторларды кім жөндеп жүр

«Әділдік жолы» ҚБ орасан олқылықтардың бетін ашты

 Ербол Тұрымбет 14.04.2023 | 09:56
Фото: Halyq Uni

Сәуір басында «Сарыарқа» СОО-да болған оқиға елордалықтардың есінде. Эскалатор ойда жоқ жерден сынып, көп адам жарақат алды. Республикалық «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Астанадағы филиалы мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында осы тектес екі олқылықты анықтаған. Онда тапсырыс берушілер мен қызмет көрсетушілер «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» заңды бұзған. Жыл басынан бері осындай екі факті анықталып отыр. Онда жеткізіп берушілердің рұқсат құжаттары болмаған. Демек, техникалық ресурстары да жоқ. Соған қарамастан лифттер мен эскалаторларға қызмет көрсету туралы шарт жасасқан.

Мәселен, №12 қалалық емхана лифтілерге техникалық қызмет көрсету бойынша «Адел&М» компаниясымен 890 000 теңгеге шарт жасасқан. Ал емханаға күн сайын қаншама адам келеді. Ішінде қарттар мен мүмкіндігі шектеулі адамдар, балалар бар. 

Одан бөлек, «Astana Venue Management» ЖШС Тәуелсіздік сарайындағы эскалаторларға техникалық қызмет көрсетуге «А.Сатов» деген жеке кәсіпкермен келісім жасаған. Қаражаты 2 142 852 теңге. Ал заң бойынша жеке кәсіпкерлер өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында аттестаттауға жатпайды. Айшықты ғимаратта күн сайын қаптаған адам жүретіні, үлкен іс-шаралар жиі өтетіні белгілі. Бұл жағдай бойынша мемлекеттік бақылаушы орган Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 463-бабы 1-бөлігі бойынша хаттама толтырған. Ең сорақысы, хаттама толтыру барысында бұл кәсіпкер шарт бойынша мүлде қызмет көрсетпегені анықталып отыр. 

Республикалық ұйым мұндай жайттарды бірнеше рет анықтағандарын айтады. Былтырдың өзінде әкімшілік құқықбұзушылық туралы 10 хаттама тіркелген екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама