×

Мұнайдан макаронға дейін: Қазақстан ғалымдары инвесторларға өз жобаларын таныстырды

Жиында бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар алты жоба бойынша бірлесе жұмыс істейтін болды

 Айнұр Шошаева 12.04.2023 | 18:08
Фото: Halyq Uni

Ғылым күні аясында Астанада технологияларды коммерцияландыру реакторы өтті. Ол жерде қазақстандық ғалымдар әлеуетті инвесторларға өздерінің жобаларын таныстырды, деп хабарлайды Halyq uni.

Қазақстанның Ғылым қоры «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңында  «Технологияларды коммерцияландыру реакторы» мамандандырылған диалог алаңын ұйымдастырды. Қазақстанның әр өңірінен келген ғалымдар өздерінің аяқталған ғылыми жобаларын таныстырып, нарыққа шығару бойынша келіссөздер жүргізді. 

Назарбаев университетінің докторанты Бақытжан Сариев көпшілікке мұнай өндірісіне арналған жабдықтың жобасын таныстырды.

Біздің жабдығымыз Қазақстанның аумағындағы бірегей өнім болып табылады. Жобаның басты ерекшелігі – ол мұнай өндіру кезінде резервуарға сұйықтықты бір мезгілде бөлек айдауға мүмкіндік береді. Яғни, ол мұнай өндіру көлемін арттырады. Мұндай жабдықтың баламасы әлемде бар, қазір Ресей мен Қытайда пайдаланылады. Алайда Қазақстандағы алғашқы жабдық, - деді ол.

Оның айтуынша, аталған жобаның идеясы біраз жыл бұрын Қытайда тағылымдамадан өтіп жүрген кезде келген.

«Бұл жобаның идеясы Қытайда CNPC корпорациясында тағылымдамадан өтіп жүргенде келді. Ғалым ретінде мұндай жобаны іске асыру қиын екенін мойындаймын. Қалай болғанда да, мемлекеттің қолдауы керек. Өйткені жұмыс мұнай кен орындарымен байланысты өзара процесс болғандықтан, жабдықты тек мемлекет арқылы ғана енгізу керек», - деді Бақытжан Сариев.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті профессоры, техника ғылымдарының докторы Әбдіманап Оспанов көп астық шикізатынан инновациялық макарон өнімдерін өндіру жобасын ұсынды.

«Біздің жобаның мақсаты – көп дәнді ұннан жасалған функционалды макарон өнімдерін өндіруді ұйымдастыру. Жобаның жаңалығы – функционалды макарон өнімдерін өндірудің ғылыми-тәжірибелік негізін жасау. Нарықтағы мәселелерге келсек, дәстүрлі макарондар ақуыздар, химиялық құрамы және қоректік заттарға кедей. Сондай-ақ қамырдың реологиясын жақсартуда жасанды биобелсенді қоспалар қолданылады. Біздің жобамыз осы мәселелерді шешуге арналған», - деді ғалым.

Сондай-ақ өнім 8 түрлі құрам бойынша дайындалатынын атап өтті.

«Көпдәнді ұннан жасалған макарон өнімдерінің ерекшелігі мен артықшылығын айтқанда тағамдық құрылымы жақсартылған функционалды өнімдерді атауға болады. Тұтынушылардың шешімін жеңілдету мақсатында ұсынылған 8 рецептураға 8 туынды атау берілді. Ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері өндіру тәсілі патентпен қорғалып, технологиялық нұсқауы әзірленді. Сауда нарығы әлемдік көлемде өнімге деген сұраныс 2022 жылдың аяғында 510 млрд долларды құрады. Еуразиялық нарықта өнімге сұраныс 100 млн долларды құрайды және біздің сегмент бойынша нарықтың алғашқы 5 жылдында 3 млн долларды қамтиды», - деп толықтырды Әбдіманап Оспанов.

Ғалымның пікірінше, алғашқы бес жыл ішінде жобадан түсетін таза кіріс 500 млн теңгеден асады. Жобаның құны 301 млн теңгеге бағаланды.

Инвесторға жоба құнының 30 пайызын қаржыландыру және функционалды макарон өнімдерін бірлесіп өндіру ұсынылады, - деді ғалым.

Көпшілікке ұсынылған тағы бір жоба – түйе сүтінен жасалған сусын өндірісі. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Биотехнология» ұлттық ғылыми орталығының директоры София Сағындықова өзінің ғылыми жетекшісі белгілі академик Майя Шигаевамен бірлесіп түйе сүтінен сусын ойлап тапқан.

«Бұл сусынның аты «SofMaya» деп аталады, екеуіміздің атымыздан құралған. Мақсатымыз – осы сусынды Қазақстан нарығында өндіріске енгізу. Оны енгізу үшін бизнес серіктестерді іздейміз», - деді ол.

Сондай-ақ ол аталған өнімнің қалай пайда болғанын айтып берді.

Менің анам қант диабетімен ауыратын. Түйенің сүті – табиғи инсулин. Бірақ ол ішті қатырады. Ал қызылша шырыны ішті жібітеді. Сол екеуі біріккен уақытта іш құрылысының жұмысына жақсы әсер береді. Қаншама адам, оның ішінде әйел адамдардың проблемалары бар. Сондай-ақ кейбір адамдардың сиыр сүтіне деген аллергиясы бар. Қант диабетімен ауыратын адамдар да аз емес, - деді София Сағындықова.

Аталған өнімді зерттеп, жасауға көп жыл бойы еңбектенген ғалым жобаны қазақстандық нарыққа шығаруды армандайды.

«Түйенің сүтінің құрамындағы витаминдер мен ферменттердің бәрі ішекке сіңіп, адамда иммунитет пайда болады. Яғни бұл өнім иммуномодулятор болып табылады. Бұл аяқталған жұмыс. Дүниежүзілік банктің қаржыландыру грантын ұтып алған едік. Сол гранттың аясында инновациялық патент алдық. Нарықты зерттедік, бәсекелес өнімдермен салыстырғанда біздің өнім өте қолжетімді деп айта аламыз. Литрін 80 теңгеден беріп отырмыз, оны 60 күнге дейін сақтауға болады. Өнімнің мақсатты аудиториясы – емдеу-сауықтыру орталықтары, сүт өнімін өндіретін кәсірорындар мен дүкендер», - деді Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті «Биотехнология» ұлттық ғылыми орталығының директоры София Сағындықова.

Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы кешені, медицина, туризм және т.б. салаларға қатысты жобалар таныстырылды. Технологияларды коммерцияландыру реакторына 100-ден астам ғылым мен бизнес, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Реактордың қорытындысы бойынша бизнес-кәсіпорындар мен ғылыми ұйымдар арасында 6 жоба бойынша бірлескен қызмет туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 500 млн теңгеден асады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама