×

Министрлік ғылым күніне орай саладағы жетістіктер туралы ақпарат жариялады

12 сәуір – ғылым қызметкерлері күні

 Халық үні 12.04.2023 | 13:14
Фото: ашық дереккөз

Қазақстанда 22 мыңнан аса ғалым мен зерттеуші бар. Мұндай деректі Ғылым және жоғары білім министрлігі 12 сәуір – ғылым қызметкерлерінің күніне орай жариялады.

Елімізде 22 456 ғалым мен зерттеуші бар. Сондай-ақ 414 кәсіпорын ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүзеге асырады. Ел бойынша 96 ғылыми зерттеу институты жұмыс істеп тұр.

2023-2025 жылдарға арналған ғылымды қаржыландыру 3,5 есе өсті. Барлық ғылыми жобаның 27 пайызы табысты коммерцияландырылды, - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Ғылым қызметкерлерінің табысына да көңіл аударылып отыр. Мысалы, ғылыми қызметкердің жалақысы 2 есе өсті. 2022 жылы жас ғалымдарға 1 014 грант бөлінді. Былтыр ғалымдардың тағылымдамадан өтуіне 400 грант бөлінген.

2022 жылдың 27 желтоқсанында Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналады. Осылайша Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебесі қайтарылды.

2022 жылдың бірінші маусымында Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мерейтойлық сессиясында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюджеттен қаржы бөліп, мемлекеттік мәртебе беруді тапсырды. Сондай-ақ академияның рөлін арттыруды тапсырған.

Енді Ұлттық ғылым академиясы жұмысын қаржыландыру республикалық бюджеттен бөлінген бюджет қаражаты есебінен жүреді.

Ал 2023 жыл да ғылым үшін табысты басталды. 25 қаңтарда ғылым және техника саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындау үшін ұлттық ғылым және техника кеңесі құрылды.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ғылым қызметкерлері күнімен әріптестерін құттықтады.

«Барша ғалым мен зерттеушілеріміздің дүниені тануға деген ұмтылысын, олардың зияткерлік күш-қуатын, ғылыми жаңалық ашудағы үлесін ерекше атап өткім келеді. Қазақстанның ғылыми қауымдастығы – қисыны қиын ғылыми мәселелерді шешуге қабілетті, зерттеу саласының жарқын бағытын айқындатын шабыт пен жаңашылдықтың қайнар көзі. Ел алдына қойылған ғылыми-техникалық және әлеуметтік-экономикалық сұрақтарды шешуде фундаменталды да, қолданбалы ғылымның рөлі ерекше», - деді министр құттықтауында.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама