×

Астана әуежайында бұзақылық жасаған әйел жазаланды

Жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 15 мыңға жуық адам жауапкершілікке тартылған

 Динара Амантай 12.04.2023 | 10:21
Фото: sputnik.kz

Астана-Алматы әуерейсінің жолаушысына әуежайда құқық бұзушылық жасағаны үшін 172 мың теңге айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Астана қаласы әуежайындағы желілік полиция бөліміне Air Astana әуекомпаниясының өкілі жолаушылардың біріне қатысты шара қолдану туралы шағымданған. Өтініш берушінің айтуынша, рейске тіркеу кезінде жолаушы әйел жеке басын куәландыратын құжатын көрсетпеген. Балағат сөздер айтқан.

Көлік полицейлері тексеру кезінде елорданың 35 жастағы тұрғынын анықтады. Сондай-ақ ол полиция бөлмесіне жеткізу кезінде тәртіп сақшыларының заңды талабына бағынбаған. Әйелге қатысты ҚР ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық»), 667-бабының 1-бөлігі («Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбау») бойынша әкімшілік материалдар толтырылып, Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды. Сот шешімімен құқық бұзушыға 50 АЕК (172 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.

Айта кетсек, жыл басынан бері көлік полицейлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған 14 855 адамды жауапкершілікке тартты. Оның ішінде ұсақ бұзақылық жасаған 204 адам, құқық қорғау органы қызметкерінің заңды өкіміне немесе талабына бағынбағаны үшін 17 адам жазаланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама