×

Шымкентте алимент төлеуден жалтарған 50 борышкер жауапқа тартылды

5 борышкердің автокөліктері арнайы тұраққа қойылды

 Динара Амантай 11.04.2023 | 13:23
Фото: gov.kz

Шымкент қаласында сот орындаушылардың өндірісінде 13 368 алимент өндіру туралы атқарушылық құжат бар, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Шымкент қаласы прокуратурасының мәліметінше, бүгінде алимент берешегі 846 млн теңгені құрап отыр. Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 50 борышкер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабы бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Одан бөлек, ҚР Қылмыстық Кодексі 139-бабының талаптарына сәйкес, борышкерлерді қылмыстық жауаптылыққа тарту бағытында жұмыс жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар Шымкент қаласында биыл 13 ақпаннан алимент және айыппұл өндіру туралы атқарушылық құжаттары бойынша берешектерді өндіру бағытында сот орындаушылар, полиция және прокуратура қызметкерлерімен бірлескен рейд өткізіліп жатыр. Бұл іс-шараны жүргізу барысында негізінен мемлекет пайдасына қарызы бар борышкерлер кезігеді. Нәтижесінде борышкерлер 1,8 млн теңгеден аса айыппұл берешегін дереу төлеген, ал жалпы берешектері 7,5 млн теңгені құрайтын 5 борышкердің автокөліктері арнайы тұраққа қойылды.

Алименттің өндірілуі әлеуметтік тұрғыдан маңызды болуына байланысты прокуратура органдары аталған санаттағы атқарушылық құжаттарының орындалуын үнемі қадағалайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама