×

Қазақстанда жасырын тергеу әрекеттерінен көптеген заңбұзушылық анықталды

Былтыр 2 244 ЖТӘ өткізуден бас тартылды

 Динара Амантай 11.04.2023 | 10:10
Фото: astana-akshamy.kz

Бас прокуратура жасырын тергеу әрекеттерін тағайындау және жүргізу кезінде бірқатар заңбұзушылықтардың болғанын мәлімдеді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, былтыр тергеу судьяларының қарауына ЖТӘ өткізу туралы 34 637 қаулы келіп түскен. Оның ішінде 32 393 қаулы санкцияланып, 2 244 ЖТӘ өткізуден бас тартылған. Соттың санкция беруден бас тартуының себептері тергеушінің тапсырмасын жасау кезінде тиісті талаптардың сақталмауы, дәлелді негіздеменің болмауы және оларды тағайындау мерзімдерінің бұзылуы болды.

Биыл 1 тоқсанда жасырын тергеу әрекеттерін тағайындау және жүргізу кезінде заңдылықтың жай-күйін тексерумен қылмыстық қудалау органдарының қызметінде заңдылықтың бұзылуы анықталды. Мәселен прокурорлар ЖТӘ тағайындау тәртібін сақтамауға, оларды жүргізудің тиісті негіздемелерінің болмауына, мерзімдерді бұзуға, сондай-ақ ЖТӘ-нің заңсыз өткізуге байланысты көптеген заңбұзушылықтарды анықтады.

ҚПК-нің 240-бабы 1-1-бөлігіне сәйкес өзіне қатысты жасырын тергеу әрекеті жүргізілген адамды бұл туралы қылмыстық іс бойынша қорытынды шешім шығарылған кезден бастап 6 айдан кешіктірілмейтін мерзімде жасырын тергеу әрекетінің нәтижелерімен таныспай, сотқа дейінгі тергеу органы хабардар етуге тиіс. Бұл ретте өздеріне қатысты ЖТӘ жүргізілген адам хабарланған сәттен бастап 15 тәулік ішінде тиісті ЖТӘ жүргізуді заңсыз деп тану және келтірілген залалды өтеу туралы өтінішпен мамандандырылған тергеу сотына жүгінуге құқылы. Осыған қарамастан, 227 жағдайда ҚПК-нің көрсетілген талаптарын бұзушылықтар анықталды.

Бас прокуратура бұзушылықтар бойынша қылмыстық қудалау органдарының атына прокурорлық қадағалау актілерін енгізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама