×

Леңгір қаласының тұрғынын 2 жігіт пышақпен қорқытып, 5 млн теңге бопсалаған

Күдіктілердің біреуі бұрын сотты болған

 Динара Амантай 10.04.2023 | 15:25
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының тұрғынын пышақпен қорқытып, 5 млн теңге бопсалаған күдіктілер ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысы полиция департаментіне Леңгір қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленушінің айтуынша, оны белгісіз біреулер пышақпен қорқытып, күш қолданып, 5 миллион теңге бопсалаған. Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 194-бабы 3-бөлігі («Қорқытып алу») бойынша тіркеп, күдіктілерді анықтауға кірісті.

Ақпарат бойынша қылмысты ашуға, күдіктілерді ұстауға бірден Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының тәжірибелі қызметкерлері мен жедел-тергеу тобы жұмылдырылды.

Төлеби ауданының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізген полицейлер 5 млн теңге көлеміндегі ақшаны алып тұрған жерінен 2 жігітті ұстады. Олардың біреуі бұрын сотты болған, Төлеби ауданының тұрғыны болып шықты.

Жедел уәкілдер тінту кезінде күдіктілерден жәбірленушінің қаражатын тәркіледі. Сондай-ақ күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде 6 оқ табылды. Тиісті сараптама тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Болған оқиғаның толық мән-жайы мен күдіктілердің басқа да қылмыстарға қатысының бар-жоғы анықталып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама