×

Мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік болмағаны үшін түрлі ұйымдарға 60 млн теңгеден аса айыппұл салынды

1062 әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне тексеру жүргізілді

 Динара Амантай 07.04.2023 | 09:53
Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Былтыр мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділік болмағаны үшін түрлі ұйымдарға 60 млн теңгеден аса айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитеті аумақтық департаменттерінің мамандары мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік бақылау жүргізу шеңберінде мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік және т.б. салалардағы әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы объектілеріне 1062 тексеру жүргізген. Олардың қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 900-ден аса ұйғарым беріліп, жалпы 60 млн теңгеден асатын сомаға 300-ге жуық әкімшілік айыппұл салынды.

Бұзушылықтардың ең көп саны Түркістан (бұзушылықтардың жалпы санының 23%-ы), Қостанай облыстарында (22%) және Алматы қаласында (7%) анықталды. Бұзушылықтардың негізгі бөлігі жеке кәсіпкерлік объектілері мен 2015 жылға дейін пайдалануға берілген объектілерге тиесілі.

Жергілікті жерлерде объектілерді бейімдеу және осы ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі шараларды мониторингтеу үшін мүгедектігі бар адамдарға «Қолжетімділіктің интерактивті картасы» порталы жұмыс істейді. Порталдағы деректерді жергілікті атқарушы органдар толтырады. Мүгедектігі бар адамдар белгілі бір объектіге барар алдында үйден шықпай (компьютерден немесе телефоннан), оның бейімделу дәрежесін көре алады, сондай-ақ кейін қолжетімділікке баға бере алады.

Өңірлік деңгейде аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары бекіткен мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі 227 мониторингтік топ құрылды, олардың құрамына 1 630 адам кірді.

Биыл наурыз айының соңында үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, өңірлер әкімдерінің мүгедектігі бар адамдар істері жөніндегі кеңесшілерінің және мемлекеттік органдар қызметкерлерінің қатысуымен мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі республикалық жұмыс тобының отырысы өткізілді.

Отырыс барысында объектілерде құрылыс және бейімдеу іс-шараларының маусымы басталатыны атап өтілді. Нысан иелері күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлады. Осыған байланысты мониторингтік топтардың мүшелері осы жылы бейімделуге жоспарланған барлық объектілерді жандандырып, тексеруі қажет.

Бейімделу кезінде анықталатын негізгі ескертулер: пандустың көлбеу бұрышының сәйкес келмеуі, баспалдақтардағы тұтқалардың жоқтығы, санитарлық-тұрмыстық орындарға, тұрақ орындарына және т.б. қолжетімділіктің болмауы.

Мониторингтік топтарға өткен сапарлардың нәтижелері бейімделуді жүргізу кезінде ең көп бұзушылықтар Маңғыстау, Қарағанды, Атырау облыстарында анықталғанын көрсетті. Бейімделуді жүргізу бойынша оң жұмыстар Алматы, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында байқалады.

Біздің қалада жаңадан сауда орталықтары, дүкендер, шаштараздар және басқа да үй-жайлар салынып жатыр. Алайда құрылыстардың барлық иелері мүгедектігі бар адамдар үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі өз міндеттеріне толық жауапкершілікпен қарамайды. Бұл мәселені біз мониторингтік топпен бірлесіп шешетін боламыз. Біздің қағидамыз – біз үшін біздің қатысуымызсыз жасамаңыз, – деді «Пандус-ок» ЖШС-нің басшысы Шахан Жолдасбаев.

Сондай-ақ отырыс барысында нақты міндеттер талқыланып, бейімделуге жататын объектілердің саны және осы іс-шаралардың әр өңірде өткізілуі тиіс мерзімдер айқындалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама