×

Челах өмірінің соңына дейін түрмеде отыруы мүмкін: ҰҚК ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеді

Қайғылы оқиға болған «Арқанкерген» шекара бекеті қазір жұмыс істеп тұрған жоқ

 Дәурен Ерболат 05.04.2023 | 13:28
Коллаж Halyq Uni

Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – шекара қызметінің директоры Ерлан Алдажұманов өмір бойына сотталған Владислав Челахтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Челахтың ісіне қатысты Бас прокуратурадан ҰҚК Шекара қызметіне ешқандай өтініш түспеді. Құжаттар да түскен жоқ, - деді Ерлан Алдажұманов Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.

Сондай-ақ ол қазір «Арқанкерген» шекара бекеті жұмыс істемейтінін атап өтті.

«Қазір ол жұмыс істеп тұрған жоқ. Шекара бекеті тек жазда жұмыс істейді», - деді Алдажұманов.

«АРҚАНКЕРГЕНДЕГІ» ҚАЙҒЫЛЫ ОҚИҒА

2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан «Арқанкерген» шекара бекетінде қайғылы оқиға болды. Мамырдың аяғында «Арқанкергендегі» шекарашылармен байланыс кенет үзілген. Содан кейін ол жерге жасақ жіберілген. 30 мамырда «Арқанкергенге» жіберілген жасақ шекара бекетінің жанып кеткенін хабарлады.

Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ бір қорықшының мәйіті табылған.

4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған.

Ең алғаш ұсталған кезде Челах қылмысын мойындаған, бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол өзіне қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін мәлімдеді.

Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.

Челах 2013 жылдың наурызынан бастап Қостанай облысы Жітіқара ауданындағы өмір бойына бас бостандығынан айырылған азаматтарға арналған «Қара бүркіт» деп аталатын мекемеде жазасын өтеп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама