×

СҚО-да үш ауылдың халқы «төбелеске қатысы бар» деген әкімге араша түсті

Ауыл тұрғындары әкім қызметінен кетпесін деген талап қойып отыр

 Самат Жақып 07.04.2022 | 12:09
коллаж: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бұлақ, Қарағай, Ақтас ауылдарының тұрғындары округ әкіміне жазықсыз жала жабылғанын айту үшін жиналды.

Айта кетейік, Бұлақ ауылында Наурыз мерекесін тойлау кезінде 43 жастағы Нұрлыбек Тыныбеков есімді жігіт жұдырықтың астында қалған. Жергілікті халық мас күйде болған азаматты басқа біреулер соққыға жыққанын айтып, оған әкімнің еш қатысы жоғын жеткізді.

Бұлақ ауылында биыл Наурыз мейрамы ерекше тойланды. Ұлттық спорт түрлерінен бірнеше жарыс ұйымдастырылып, мейрам кеңінен аталып өтілді. Алайда, мерекеде ауыл тұрғыны Нұрлыбек Тыныбековтың таяқ жегені белгілі болды. Жәбірленушінің әкесі Серкелбай Тыныбеков төбелеске Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаевтің де қатысы барын айтып отыр.

Бұған дейін Нұрлыбектің әкесі БАҚ өкілдеріне ұлын сегіз жігіт жабылып үш сағат бойы соққыға жыққанын айтқан. Оқиғанын мән-жайы қалай болғанын өз аузынан білейік деп ақсақалға хабарласқанымызда, берген түсіктемесін жариялауға қарсы екенін жеткізді.   

Ал ауыл азаматтарының айтуынша Нұрлыбек ем қабылдау үшін ауруханаға да жатпаған. Оны жергілікті тұрғындар арнайы тексерген. Тіпті екі-үш күн өткеннен кейін, оны ел ішінде көргендер де бар. Олар жәбірленушінің бет-аузы сап-сау екенін байқаған. Сондықтан жұрт бұл әдейі жасалған арандатушылық екенін айтады.

«ӘКЕСІ ӨТІРІК СӨЙЛЕП ОТЫР»

Оқиғаның ертесіне үш ауылдың азаматтары жәбірленушінің әкесі Серкелбай ақсақалға барған. Бірақ оның жақындары қарияның үйде жоқ екенін айтып, қысқа қайырыпты. Ал таяқтың астында қалған Нұрлыбек Тыныбековтің өзі бұрын істі болып, шартты түрде сотталған. Тұрғындардың айтуынша, әкесі де ерте кездері мал ұрлығына қатысы болып, ауыл арасында қарақшы атанған деседі. Ал қазір Серкелбай ақсақал Құлсары батыр мазарында шырақшы болып қызмет етеді екен.

«Жас әкімнің жұмыс істеп жүргеніне бір жыл уақыт болған жоқ. Дегенмен осы аралықта біршама шаруа істеп үлгерді. Енді қызметінен кетсе, елге жаны ашитын мұндай азаматты біз таппаймыз. Сондай пәлеқор кісілердің кесірінен біз алтын жігітімізден айырылып қалайын деп тұрмыз.  Көпшіліктің айтуы бойынша Нұрлыбек мерекелік шараға мас әрі екі көзі көгеріп келген. Оның әкесі де жалған сөйледі. Яғни сегіз адам жабылып үш сағат бойы ұрды дегені - ақылға қонымсыз», - дейді Қарағай ауылының тұрғыны Кенесары Күшенғалиев.

Болат Бейсенбаев - былтыр ауыл әкімдері сайлауына түсіп, Қазақстан Халық партиясы атынан қатысып, айқын басымдықпен жеңіске жеткен. Сондықтан халық өздері сайлаған әкімді барынша қолдап отыр.

«Болат Қанатұлы - ешқашан бос сөз айтпайтын, тік мінезді, жоғары білімді азамат. Жастармен де, үлкен кісілерменде тіл табыса алады. Алдына қойған мақсатына жетпей қоймайды. Биыл үш ауылдың жастарына мәдени, спорттық шараларды ұйымдастырып берді. Жол жөндеу, елді мекенді абаттандыру, жарық мәселелері бір жылға жетпей шешіле бастады десем, артық айтпағаным. Сондықтан тез арада екі тарап татуласса дейміз. Біз өзіміз сайлап алған әкіміміздің жұмыстан кеткенін қаламаймыз», - дейді Бұлақ орта мектебінің директоры Гүлзәт Нұрмұқанова.

«НЕГЕ КЕШІРІМ СҰРАУЫМ КЕРЕК?»

Ал округ әкімі Болат Бейсенбаев «жәбірленуші» Нұрлыбектің әкімдікке ішімдікті өзімен бірге ала келіп, «Сен менің жауымсың» деп қоқаң-лоқы көрсеткенін айтады. Ғимарттан шығу туралы әкімнің өтінішіне құлақ аспай, төбелес ашқан. Тіпті, әкімді төрт мәрте бетінен ұрып жіберген. Оны көрген куәгерлер де бар екен. Қазір бұл даулы мәселеге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ауыл тұрғыны да, округ әкімі де бір-біріне қарсы арыз жазды. Сондықтан әкімді орнында қалдыру үшін халық жаппай қол жинап, тиісті органдарға хат жолдап жатыр.  

«Нұрлыбекпен оның әкесі менің кешірім сұрағанымды талап етіп отыр деп естідім. Мен олай істемеймін, себебі еш кінәм жоқ. Ал әкімдікке арақ-шарап әкеліп, маған бірнеше мәрте қол жұмсағаны рас. Өзі бұрын істі болған адам. Оның бұл қылығын араңдатушылық деп білемін. Енді даудың ақ-қарасын тек құзырлы орган өкілдері анықтайды. Мен үшін араша түсіп жатқан барша халыққа алғысымды білдіремін», - деді Бұлақ ауылдық округінің әкімі Болат Бейсенбаев. 

Қазір Бұлақ ауылында болған төбелеске қатысты іс тергеліп жатыр. Арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалған.

«2022 жылдың 22 наурызында Бұлақ ауылында болған жағдай бойынша ауыл тұрғыны Тыныбеков Нұрлыбек Серкелбайұлы мен округ әкімі Бейсенбаев Болат Қанатұлы арасындағы дауға қатысты құқық қорғау органдары сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Арнайы сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу іс-шаралары аяқталған соң, тиісті бағасы беріледі. Қазір ауыл әкімі жұмысын жалғастыруда», - деді Есіл ауданының әкімі Медет Оспанов.

Осыдан 9 ай бұрын сайланған әкімі осы даудан кейін қызметінен босатылатын болса, үш ауылдың халқы қайта жиналғалы отыр. Олар өздері сайлаған әкімін қызметінде қалуып талап етіп, қажет болса Ақордаға дейін баруға бекініп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама