×

Биыл екі миллионнан астам отбасыға 1,2 трлн теңге әлеуметтік төлем төленеді – министр

Жұмыссыз жүрген 93 мың анаға жәрдемақы беріледі

 Дәурен Ерболат 04.04.2023 | 09:59
Тамара Дүйсенова, фото: primeminister.kz

2023 жылы Қазақстанда екі миллионнан астам отбасыға 1,2 трлн теңге көлемінде әлеуметтік төлем төленеді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, министрлік президенттің тапсырмаларын орындау үшін жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Мысалы, биыл әлеуметтік төлемдер екі миллионнан астам отбасыға беріледі. Оған 1,2 трлн теңге жұмсалады.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеу кезеңі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Биыл І тоқсанда оны алушылардың жалпы саны 435 мың адамнан асты. Оның ішінде 93 мың жұмыс істемейтін анаға жәрдемақы республикалық бюджеттен, ал 343 мыңнан аса жұмыс істеген аналарға – Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленіп жатыр.

Мұндай төлемдерді биыл дүниеге келген және былтыр туған, бірақ жасы әлі 1-ге толмаған балалары бар 760 мың отбасы алады деп жоспарлап отырмыз. Бұл мақсатқа 334,5 млрд теңге көзделген, - деді Тамара Дүйсенова.

Сондай-ақ ол әлеуметтік көмек жүйесін жаңғыртуға тоқталды.

«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасыларындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған натуралды пакет биылдан бастап ақшалай беріліп жатыр. Бүгін 114 мыңнан аса осы санаттағы балаларға 1,4 млрд  теңге әлеуметтік көмек берілді.

Атаулы әлеуметтік көмекке қажетті 74 млрд теңге балаларға арналған ақшалай төлемдерді қоса өңірлерге жалпы сипаттағы трансферттермен берілді», - деді Тамара Дүйсенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама