×

Қазақстандық дәрігерлер ковидтен кейінгі синдромды талқылады

Емдеу-диагностикалық процесті ұйымдастыру бойынша өңірлерде көшпелі ұйымдастыру-әдістемелік жұмысы басталды

 Динара Амантай 03.04.2023 | 09:34
Фото: ДСМ баспасөз қызметі

Денсаулық сақтау министрлігінің жетекші мамандары медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау менеджерлерінің арасында клиникалық хаттамалардың қолданылуын түсіндіру және оларға сәйкес емдеу-диагностикалық процесті ұйымдастыру бойынша өңірлерде көшпелі ұйымдастыру-әдістемелік жұмысты бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомствода атап өткендей, коронавирус инфекциясының пандемиясы көптеген проблемалар туғызды және әлем халқының денсаулығына әсер етіп, ковидтен кейінгі әртүрлі асқынуларды тудырды.

Әлемдік тәжірибені, ДДСҰ ұсынымдарын және отандық республикалық клиникалардың жұмыс тәжірибесін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі «Ковидтен кейінгі синдром» диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасын (КХ) осы жылдың басында өзектендіріп, жұмыста пайдалану үшін елдің медициналық ұйымдарына жіберді.

Осыған байланысты ДСМ медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің басшысы Азамат Дүйсенов Қарағанды медицина университетінің базасында COVID-19 жаңа сын-қатерлерін және оның ескі салдарын талқылау бойынша семинар-кеңес өткізді. Оған өңірдегі 100-ден аса МСАК және стационарлардың практик дәрігерлері, сондай-ақ ЖОО-ның профессор-оқытушылар құрамы қатысты.

Негізгі баяндамашы ретінде ДСМ штаттан тыс бас инфекционисі, медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры Бақыт Көшерова сөз сөйледі.

Спикер қалдық қабынумен, ағзалардың зақымдануымен, ауруханаға жатқызудың спецификалық емес әсерлерімен, сондай-ақ әлеуметтік оқшауланумен байланысты ковидтен кейінгі жағдайдың негізгі белгілері туралы егжей-тегжейлі айтты. Сондай-ақ, Бақыт Нұрғалиқызы бүгінде COVID-19 ауруына шалдыққандардың арасында аурудың ағымы ересектермен бірдей және кейде өте ауыр өтетін балалар көп екенін атап өтті.

Семинардың екінші бөлімінде медицина ғылымдарының докторлары, Қарағанды медицина университетінің профессорлары: дәрігер эндокринолог В.Б. Молотов-Лучанский, дәрігер кардиолог Д. Ж. Тайжанова, дәрігер психиатр Л. Л. Мациевская, дәрігер гастроэнтеролог Е. М. Ларюшина өз зерттеулерінің нәтижелерімен сөз сөйледі.

Семинарға қатысушылар тәжірибешілерде ковидтен кейінгі синдромға, оның диагностикасының ерекшеліктері мен емдеу кезеңдеріне, сондай-ақ пациенттерді оңалту сүйемелдеуіне қатысты көптеген сұрақтар туындайтынын атап өтті. Мұндай оқыту іс-шаралары күнделікті осы аурумен ауыратын дәрігерлерге айтарлықтай көмек көрсететіні сөзсіз.

Сонымен қатар, өңірге жұмыс сапары барысында Қарағанды оңалту орталықтарына барып, пациенттерді орналастыру және медициналық оңалту шарттары зерделенді.

Бұдан басқа, Қарағанды облысының қалалары мен аудандарының бас штаттан тыс мамандарымен, бөлімше меңгерушілерімен, стационарлар мен емханалардың бас дәрігерлерімен жұмыс кеңесі өткізілді.

Әріптестермен кездесу барысында Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі МСАК деңгейінде емдеу-диагностикалық процесті ұйымдастыру мәселелерін талқылады, пандемиядан кейінгі кезеңде пациенттерді медициналық оңалтуға назар аударды. Қарағанды облысындағы коронавирус инфекциясы бойынша ағымдағы жағдаймен танысты.

Кеңес соңында А. Дүйсенов облыс тұрғындарының арасында ковидтен кейінгі асқынулардың алдын алу бойынша сапалы жұмысты ұйымдастырудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама