×

Көлік салығы мен құмар ойынға жұмсалған ақшаның есебі: елімізде 1 сәуірден бастап не өзгереді

Сәуірден бастап бірнеше заң да күшіне енді

 Халық үні 01.04.2023 | 11:05
фото: Halyq Uni

Астана мен Алматыда сәуірден бастап бірінші сыныпқа құжат қабылданады. Сондай-ақ елімізде аяқ киім шығарумен айналысатын кәсіпкерлерді де өзгерістер күтіп тұр. Halyq Uni материалынан 1 сәуірден бастап не өзгеретінін оқыңыз.

1-сыныпқа құжат қабылдау басталады

Астанада 3 сәуірден бастап, ал Алматыда бүгіннен бастап 1-сыныпқа құжат қабылданады. Бұл жұмыс жалпы орта білім беретін мектептерде 1 тамызға дейін жалғасады.

Астана әкімдігі биыл 26 мыңға жуық бүлдіршін мектеп табалдырығын аттайды деп болжады.

Алматыда жаңа оқу жылына 30 мыңға жуық бала бірінші сыныпқа барады деп жоспарланған.

Мемлекеттік орта білім беру ұйымдарында қабылдау электрондық үкімет порталы арқылы онлайн жүзеге асырылады. Бұл ретте өтініш берушінің мектепте болуы талап етілмейді. Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да беруге болады, - деп хабарлады Алматы әкімдігі.

Білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, қызмет көрсететін аумақта тұратын алты жастағы және күнтізбелік жылда алты жасқа толатын балаларды бірінші сыныпқа қабылдайды.

Мамандандырылған мектептерден басқа барлық мектеп бірінші сыныпқа баратын балаларды ешқандай емтихансыз қабылдайды. Әр мектепте ата-аналарға көмек көрсету мақсатында бірінші сыныпқа қабылдау бойынша комиссия құрылды, деп хабарлады елорда әкімдігінің білім басқармасы

Ата-аналар құжаттарды www.egov.kz порталы арқылы тапсырады.

Құжаттар қажет екенін Алматы мен Астана әкімдігінің сайтынан көруге болады.

Көлік салығын төлеуге екі күн уақыт қалды

Көлік салығын төлеу екі күннен кейін аяқталады. Заң бойынша көлік салығын төлеу мерзімі бүгін аяқталуға тиіс. Биыл 1 сәуір демалыс күніне тұспа-тұс келді, сол себепті салықты төлеу уақыты жұмыс күніне ауыстырылады. Қазақстандықтар көлік салығын 3 сәуірде төлей алады.

Сондай-ақ 4 сәуірден бастап салықты төлемеген азаматтарға салық берешегі туралы хабарлама жіберіледі.

Осыдан кейін салық төленбесе, 30 жұмыс күні өткен соң, 1 АЕК (3 450 теңге) берешек бойынша жеке тұлғаның борышын өндіріп алу туралы салық бұйрығы шығарылып, борышкерге жолданады.

Салық бұйрығын алған қазақстандық 5 жұмыс күні ішінде берешегін өтемесе, тиісті салық бұйрығы жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алуға жіберіледі.

Салықты e-Salyq Azamat мобильді қосымшасы немесе www.kgd.gov.kz арқылы әрі «Қазпошта» АҚ филиалдарында немесе банктердің мобильді қосымшалары арқылы да төлеуге болады.

Салықты қазақстандықтар көлік иесінің тұрғылықты жері бойынша төлейді.

Айта кетейік, борышкерлерге сот орындаушылары тарапынан мүлкі мен банк шоттарына тыйым салудан елден шығуға дейін мәжбүрлеу шаралары қолданылады.

Таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады

Елімізде аяқ киім сататын кәсіпкерлер 1 сәуірге дейін таңбаланбаған аяқ киімді сатуға рұқсат берілген. 1 сәуірде ол кезең аяқталды. Енді бизнесмендер аяқ киімді тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркеуге міндетті.

Демек, бүгіннен бастап бизнеске таңбаланбаған аяқ киімді сатуға тыйым салынады.

Аяқ киімді міндетті таңбалау және қадағалау жүйесі 2021 жылы 1 қарашада енгізілген. Алайда кәсіпкерлер жаңа ережеге бейімделу үшін көбірек уақыт сұрап, оны толық енгізу мерзімі 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды.

Міндетті таңбалау және қадағалау дегеніміз – елге кіретін әрбір өнім туралы ақпаратты тіркейтін және бірегей деректер матрицалық коды арқылы қадағалайтын жүйе. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету.

«Цифрлық активтер туралы» Заң қолданысқа енгізіледі

6 ақпанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңға қол қойды.

Бұл заңның мақсаты – Қазақстан Республикасында цифрлық активтерді, цифрлық майнингті шығару және олардың айналымы жөніндегі қызметті дамыту үшін құқықтық база құру.

Цифрлық актив – цифрлық код беріліп, оның ішінде криптография және компьютерлік есептеу құралдары қолданыла отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, деректердің таратылған платформасы технологиясының негізінде тіркелген және ақпараттың өзгермейтіндігімен қамтамасыз етілген мүлік.

Бұл заң бірінші сәуірден бастап күшіне енеді.

Заңға сәйкес, қамтамасыз етілген цифрлық актив мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс:

      1) ақша мен бағалы қағаздарды қоспағанда, материалдық, зияткерлік көрсетілетін қызметтер мен активтерге құқықты куәландырады;

      2) қамтамасыз етілген цифрлық активті шығару туралы шешімі болады;

      3) есеп айырысатын ақша бірлігі, заңды төлем құралы болып табылмайды;

      4) қаржы құралы немесе қаржы активі деп танылмайды;

      5) қамтамасыз етілген цифрлық активті шығарған тұлға туралы деректерді қамтиды;

      6) автивті қамтамасыз етілген цифрлық актив етіп құрғанға дейін оған мүліктік және (немесе) зияткерлік құқықтардың растамасы болады;

      7) блокчейн желісінде активтің және (немесе) мүлікке құқықтың ауысуы туралы жазбасы болады.

Мемлекеттік қызметшілерге арналған өзгерістер

20 наурызда мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Заң қол қойылғаннан кейін 10 күннен кейін күшіне енеді.

Өзгерістерге сәйкес президент тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер өз лауазымдық өкілеттіктерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін сенімін жоғалтуына байланысты президенттің шешімі бойынша жұмыстан шығарылуы мүмкін деген нормалар енгізіледі.

Яғни, «сенімнің жоғалуы» деген ұғым заңды түрде енгізіліп жатыр. Осындай себептермен жұмыстан шығарылған шенеунік үш жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Сонымен қатар басқа аймаққа ауысатын қызметкер тұрғын үйді жалға алу үшін төлем алады.

Заңмен мына жерде толық танысуға болады.

Қазақстан ЕАЭО елдерімен саудада тауарларды қадағалайды

1 сәуірден бастап Қазақстанда ЕАЭО елдерімен өзара сауда-саттық жүргізу кезінде ілеспе жүкқұжаттарын рәсімдеу міндеті енгізіледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, ілеспе жүкқұжаттары электронды форматта шекараға дейін рәсімделеді. Ол үшін электронды цифрлық қолтаңба қажет. Соның арқасында жалған тұлғалар, банкрот болған және кәсібі тоқтатылған адамдардың атына құжат рәсімдеуге жол берілмейді.

Сондай-ақ виртуалды қойманы қолдану міндеті де енгізіледі. Оған бірнеше тауар жатады: тоңазытқыш, мұздатқыш, мұнай өнімдері, алкоголь өнімдері.

ЕАЭО аумағында барлық тауар бойынша импорт пен экспортқа ілеспе жүкқұжаттарды рәсімдеу қажет. 

Букмекерлік кеңселердегі ставкалар есепке алынады

Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселерде қабылданған ставкалар туралы ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау ережелерін бекітті. Құжат сәуір айында күшіне енеді.

Сондай-ақ осы ережелер аясында тотализаторлардағы ставкалар да есепке алынады.

Ол үшін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін ставкаларды есепке алу орталығына қосады. Ақпарат онлайн беріледі.

Ставкаларды есепке алу орталығының қызметін өкілетті орган жүзеге асырады.

Букмекерлік кеңселер мен тотализаторларға түсетін барлық төлемнің бірыңғай есебі көлеңкелі айналымды болдырмауға, салықты көбейтуге және бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама