×

Айыртау ауданында есірткі пайдаланған жүргізуші жол апатына ұшырады

СҚО-да жыл басынан бері мас күйінде көлік айдаған 229 жүргізуші ұсталды

 Самат Жақып 05.04.2022 | 16:45
фото: СҚО полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облысында есірткі пайдаланып, мас күйінде көлік айдаған жүргізуші жол апатына ұшырады. Оқиға Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында болған.

ВАЗ-2110 тізгіндеген 18 жастағы азамат есірткі әсерінен көлік тізгініне ие бола алмай, маневр жасау кезінде электр бағанасына соғылған. Оны көрген жергілікті тұрғындардың бірі дереу полицияға, жедел-жәрдем қызметіне және құтқарушыларға хабарлаған. Себебі, жүргізуші жол апаты кезінде түрлі жарақат алған.

Медициналық куәландыру жас жігіттің «Каннабиоид» қолданғанын растады. Қазір тәртіп сақшылары аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігі бойынша материал жинап, сотқа жіберді. Есірткіге масайған жүргізуші енді әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге дейін көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.

«Мас күйінде рөлге отыратын жүргізушілер жол қозғалысының басқа қатысушыларына да, өзіне де қауіп төндіреді. Мұндай фактілердің алдын алу - полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Жалпы жыл басынан бері облыс аумағындағы жолдарда 229 мас жүргізуші ұсталды. Естеріңізге сала кетейік, мас күйінде көлік басқаруға жол берілмейді, оларға қатысты заңнамада көзделген қатаң шаралар қолданылады», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама