×

Бір аптада 3 бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен

Барлық жағдайда олар ата-анасының қарауынсыз қалған

 Динара Амантай 25.03.2023 | 10:01
Фото: qonaev.info

Бір аптаның ішінде ата-анасының қарауынсыз қалған үш бала көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кеткен, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, 19 наурызда сағат 18:15-те Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы Мұхамеджанов шағын ауданында екі жасар бала 5-қабатта орналасқан пәтердің терезесінен құлап кеткен. Қайғылы сәтте баланың анасы басқа бөлмеде болған. Ауыр жарақат алған бала Балқаш қаласындағы орталық ауруханаға жеткізілді. Сол жақ жамбасында ашық сынығы бар, баланың жағдайы ауыр.

Сондай-ақ Шымкентте көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінің терезесінен бес жасар қыз құлап түсті. Жазатайым оқиға туралы ақпарат 23 наурызда сағат 14.50-де «103» қызметінен Шымкент қаласы, ТЖ департаментінің Дағдарыс жағдайларда басқару басқармасына түсті. Оқиға Шымкент қаласы, Әл-Фараби ауданы, 16 шағын ауданындағы көпқабатты №18 тұрғын үйде болған. Көп пәтерлі 5-қабатты тұрғын үйдің 4-қабатында орналасқан пәтердің терезесінен ата-анасының қарауынсыз қалып, 2018 жылы туған қыз терезеден құлап түскен. Ол тез арада ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаның мән-жайын Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері анықтап жатыр. Қазір қызға операция жасалынды.

Бұған қоса, Астанада 21 наурызда «103» жедел медициналық жәрдем станциясынан тұрғын үйдің терезесінен баланың құлап түскені туралы хабарлама келіп түсті. Сол күні сағат 18.55-те Әуезов көшесінде бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатынан ересектердің қарауынсыз қалған 2014 жылы туған қыз терезеден құлап түсті. Қыз бала ауруханаға жатқызылды, жағдайы орташа.

Жоғарыда аталған жағдайлардың барлығы ересектердің, ата-аналардың салғырт қарауының, балалардың жүріс-тұрысын бақыламауының, терезелерде блокаторлардың болмауының, жиһазды дұрыс орналастырмаудың салдарынан болды. Ал жиһазды дұрыс орналастырмау балаларға терезелерге өз бетінше көтерілуіне мүмкіндік береді.

Осыған байланысты ТЖМ балалардың терезелер мен балкондардан құлауына жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертеді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама