×

Алты жыл бұрын апатты деп танылған Аралдағы ғимарат әлі сүрілген жоқ

Балалар бұл жерді ойын алаңына айналдырып алған

 Халық үні 05.04.2022 | 10:19
фото: Halyq Uni

Арал ауданы орталығындағы бұл ғимараттың іргетасы 1986 жылы қаланған. Ең алғаш кеңес үкіметі тұсында «Арай» деген атаумен балабақша ретінде жұмысын бастаған. Балабақша жергілікті балғындарды сауықтыру, мектепке дейінгі дайындық жүргізуде сәтті жұмыс істепті. 1990 жылы сол кездегі жағдайларға байланысты балабақша өз жұмысын тоқтатып, кейін қараусыз қалған ғимарат тұрғындарға тұрғын үй есебінде берілді. 

Алайда, жергілікті тұрғындар баспана ретінде пайдаланылып келген ғимарат осыдан төрт жыл бұрын сыр берді. 2018 жылдың 17 наурызында ғимараттың екі бөлігін қосып тұрған өткелі опырылып құлап түсті. Сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаев оқиға орнында болып, төтенше жағдай салдарынан далада қалған 19 отбасыны баспанамен қамтамасыз етілді. Материалдық шығындарын өтеу жайы да назардан тыс қалмады.  

Кейіннен белгілі болғандай, бұл ғимараттың 2016 жылы апаттық жағдайда екені анықталған. Соған қарамастан, жергілікті халықтың бұл ғимараттың тұрғын үй ретінде пайдалануына тыйым салмаған.

Ғимараттағы оқыс оқиғаның болғанына да төрт жылдан асып барады. Біршама жерді алып жатқан екі қабатты нысан әлдеқашан сүрілуге тиіс еді. Бірақ қауіпті нысан әлі күнге дейін қаңырап бос тұр. Қазір аудан орталығындағы ескерусіз қалған ғимарат нағыз жын-ойнақтың ошағына айналған. Одан қалды, апатты жағдайдағы нысанға барып ойнайтын балалардың қарасы көп.

Сол аумақты мекендейтін тұрғындар ғимарат кез келген уақытта опырылып құлап, соңы қайғылы жағдайға апарып соқтыру мүмкін екенін айтады. Қаіпсіздік шаралары сақталмаған, ғимараттың есік-терезелері ашық-шашық күйде жатыр.

Осы мәселе төңірегінде Арал аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Амантай Тасқынбаев пікірін айтып, ғимараттың әлі күнге дейін сүрілмеуінің өзіндік себебі бар екенін жеткізді.

«Бұл мәселені бұған дейін Арал қаласы әкімінің орынбасары болып қызмет атқарған тұста да көтерген болатынмын. Қолымда сол кезде жүргізілген арнайы экспертизаның шешімі бар. Соған орай аталмыш ғимарат сүрілуге жіберілуі керек еді. Алайда тексеру жұмыстарының нәтижесінде ғимараттағы пәтердің бірі банкте кепілде тұрғандығы анықталды. Апатты ғимараттың күні бүгінге дейін сүрілмей тұруының басты себебі осы. Алайда адам қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тиісті шараларды жүргізудеміз. Соның ішінде сол аумақ тұрғындары үшін балалардың апатты ғимаратты ойын алаңына айналдырмау мақсатында арнайы өз ойын алаңын тұрғыздық», - дейді бөлім басшысы.

Тұрғындар ең болмаса қауіпсіздік үшін бос жатқан ғимараттың есік-терезелерін бекітіп қоймағанына қынжылады. Олкар адам қауіпсіздігі үшін апатты ғимараттың тез арада сүрілуін қалайды.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама