Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде сайлаушылар ерекше «шоу» жасап жүр (ВИДЕО)

Еркеғали Болатұлы

Бұл сайлауда елордалық тұрғындардың әзіл-қалжыңы ерекше байқалады

фото: видеодан скриншот

Бүгін елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына үміткерлерге сағат 14.00-ге дейін сайлаушылардың 46,84%-ы дауыс беріп үлгерген. Олардың арасында ерекше образымен есте қалған тұрғындар да бар, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Мәселен Қонаев қаласының тұрғыны Нұрбек Орманов сайлауға облыс орталығының бас белгісіне айналған барыстың костюмін киіп келген.

Ал талдықорғандықтар сайлау учаскесіне желмаямен жеткен. Түйеге мініп, дауыс беруге келгендер арасында 35 жастағы Ұлан Байзақов та бар. Ол соңғы 15 жылда түйе асыраумен айналысып келеді.

Петропавлда көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында қар шығару жұмыстары қызған. Сондықтан коммуналдық кәсіпорын жұмысшысы сайлауға қатысуға тракторымен келген. Болатбек Кәрімов таңдауын жасасымен-ақ дереу жұмыс орнына аттанған.

Сондай-ақ Астананың №10 сайлау учаскесіне «ниндзя тасбақалар» дауыс беруге келген. Осылайша, Леонардо, Рафаель, Донателло, Микеланджело Қазақстандағы саяси өзгерістерге «бей-жай қарамайтынын» білдірді.

Тағы бір астаналық ер адам сайлауға «Диван батыр» кейпінде келді. Оның образынан үй киімін, қуаттағыш сымы бар телефонын және жамбасына жабысқан қызғылт диванын байқауға болады.

Бұл сайлауда елордалық тұрғындардың әзіл-қалжыңы ерекше байқалады. Желіде Астанадағы сайлау учаскелерінің бірінде адыраспан түтеткен әйелдің де видеосы тарады. Бұл әрекетімен тіл-көзден, бәле-жаладан нақты кімді қорғағысы келгені белгісіз. Ал кей жігіттер сайлау учаскесінде жартылай жалаңаш жүр. Одан бөлек, елордалық әкелі-балалы спортшылар қаршыға құсын ала барған.

Алматыда бүгін шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайлар да өз учаскелеріне той киімдерімен бас сұққан.