×

Көпқабатты үйдің шатыры мен жертөлесінен су ақса кім жөндейді – заңгер жауабы

Бұның жауабы Қазақстанның Тұрғын үй қатынастары туралы заңында берілген

 Айнұр Шошаева 17.03.2023 | 14:38
Коллаж: Halyq Uni

Көп қабатты үйлердің шатырынан су кетіп, жертөлелерін су басса кім жөндейді деген сұрақ қазақстандықтар көктемде жиі көтеретін мәселенің бірі. Әсіресе, жөндеуге жұмсалатын ақшаны кім төлеуіге тиіс деген сұрақтың жауабы өзекті. 

Көктемде қар ери бастағанда шатырдан су ағуы мен жертөрені су басуына қатысты шағымдар жиі айтылады. Мәселен, үстіңгі қабат тұрғындары шатырдан су ағу мәселесімен бетпе-бет келсе, бірінші қабатта тұратындарды жертөленің суға толып кетуі мезі етеді. Бұл мәселелерді кімнің жөндеу керек екенін және жұмсалатын қаржыны кім өтеуге тиіс деген сұраққа келгенде тұрғындардың пікірі бір жерден шыға бермейді. Тұрғындар жөндеуге мүлік иелері бірлестігі (МИБ – бұрынғыша ПИК, пәтер иелері кооперативі – ред.) жауапты десе, қызмет көрсетуші компания ол міндетті тұрғындардың өзіне итереді. 

Заңгер Айгерім Құдайбергенованың айтуынша, бұл даудың жауабы Қазақстанның Тұрғын үй қатынастары туралы заңында берілген. 

ПИК тек ағымдағы шағын жөндеуді жүзеге асырады. Шатырға күрделі  жөндеу жасау міндеті тұрғындарға жүктеледі. Күрделі жөндеуге жұмсалатын қаржыны барлық пәтер иелері төлеуге міндетті, өйткені шатыр барлық пәтер иелерінің ортақ мүлкіне жатады. Жәртөле мәселесі де солай. Ол да көпқабатты үйде тұратын тұрғындардың ортақ мүлкі саналады. Сондықтан бұл екі проблема тек бірінші және соңғы қабаттың тұрғындарының проблемасы деген түсініктен аулақ болу керек, – дейді заңгер. 

Тұрғын үй қатынастары туралы заңда инженерлік желілерді, шатырды, жертөле мен үйдің басқа да ортақ мүлкіне күрделі жөндеу түрғындардың есебінен жүргізілетіні жазылған. Тұрғындардың қаржысы заңда көзделген тәртіпке сәйкес, жекелеген жинақ шоттарында жиналады. Шоттарды бақылауды үйге бекітілген МИБ (ПИК) жүргізеді. 

«Әр пәтерден ай сайын белгілі мөлшерде ақы алады, бұл заңда да қарастырылған. Сондықтан бірде-бір пәтер иесінің төлемдерден бас тартуға құқығы жоқ. Алайда кейбір тұрғындар бұл процедураны елемейді, бұл көбінесе көршілер арасындағы жанжалға әкеліп жататын кездер болады. Мысалы, пәтеріңізге шатырдан су ағып кетті делік. Алдымен МИБ-ке (ПИК) жүгінесіз. Ол болса күрделі жөндеу екенін айтады, яғни тұрғындардың өздері төлеу керек дейді. Мұндай жағдайда  біріншіден, нысанның апаттық жағдайы туралы акті толтыру үшін тұрғын үй инспекциясының қызметкерін шақырудан басқа ештеңе қалмайды. Екіншіден, тәуелсіз сараптама жүргізу және залал мөлшерін бағалау үшін мамандандырылған ұйымды шақыру керек. Әрі қарай, күрделі жөндеуді істейтін компаниясын тауып, жұмыс көлемін анықтау қажет», – деп толықтырды Айгерім Құдайбергенова. 

Сондай-ақ тағы бір маңызды жұмыс – жөндеуге тұрғындардың келісімін алу қажеттігін ескертті. 

«Тағы бір маңызды жұмыс пәтер иелерінің жөндеуге келісімін алып, қол жинау керек. Ол үшін тұрғындардың жалпы жиналысы өткізіледі. Онда шатырды жөндеуге дауыс беру мәселесі қойылады. Шешім көпшілік дауыспен қабылданады және міндетті түрде хаттама жасалады. Егер тұрғындардың барлығы келісімін беріп, қол қойса жөндеу жұмыстарын бастай беруге болады. Әрбір пәтер иесінің жертөледе және үйдің шатырында өз үлесі бар, осыған байланысты барлығы ай сайынғы шығындарға, соның ішінде тұрғын үйдің қабатына қарамастан қосымша төлемдерге қатысуға міндетті. Егер ерікті түрде төлемесе, шатырды немесе жертөлені апаттық жағдай деп тану туралы актіні қосып, сотқа беруге болады», – деп қорытындылады заңгер Айгерім Құдайбергенова.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама