×

«Алдымен анамның тісін емдеттім». Әлемге танымал жокей енді Францияда бағын сынамақ

Бауыржан Мырзабаев ат спортындағы жанкештілік жайлы айтты

 Халық үні 13.03.2023 | 18:55

Әлемге танымал жокей, халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Бауыржан Мырзабаев қазір Германияда тұрады. Сонда жаттығып, Еуропада өтетін талай жарыстарға қатысып жүр. Жуырда Қазақстанға – отанына келген Бауыржан «Сұрауы бар» YouTube жобасының қонағы болып, алдағы жоспарымен бөлісті.

Шабандоз Қазақстанға қарындасын ұзату үшін келіпті. «Елге келген соң, алдымен не істедің?» деген сұраққа:

Анамның тісін емдеттім. Кешке үйге келсем ол кісінің тісі ауырып тұр екен. Бірден стаматологқа алып бардым. Бұйырса қарындасымның ұзатуын өткізіп, Германияға жол жүремін, - деді Бауыржан.

Бауыржанға Франциядан шақырту келіпті. Келісімшарт қазақстандық шабандоздың көңілінен шығып отыр. Ол биылдан бастап Францияда бағын сынауы мүмкін екенін жасырмады.

Одан бөлек, аттың құлағында ойнайтын кейіпкеріміз жокей болу жанкештілікті қажет ететін спорт екенін де айтты. Тіпті, күнінен бір ғана алма жеген кездері болған. Бауыржан күніне алты бәйгеге қатысады. Ал салмақ тастау үшін тәулігіне 10 шақырым жүгіреді екен. Қазір ол 55 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді, сол үшін нан жемейді. Бірақ ол ет жейтінін, жылқы етінен бас тарта алмайтынын айтып, ағынан жарылды.

«Өмірімнің жартысынан көбі жолда өтеді, кейде ұшаққа билет табылмай жатса, жарыс болатын қалаға көлігіммен кетіп қаламын. Темір тұлпарды тізгіндеп, жылына 100 000 шақырым жол жүремін», - дейді Бауыржан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама