×

Қазақстан шекарасын қайықпен заңсыз кесіп өткен үш шетелдік сотталды

Төрт адам 10 келі апиын мен 8 келі гашиш әкелмек болған кезде ұсталды

 Халық үні 10.03.2023 | 12:45
Фото: ҰҚК

Есірткі заттарын контрабандалық жолмен тасымалдау фактісі бойынша үш шетелдік және бір қазақстандық азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сотталушылар 2022 жылы тамызда Қазақстанға Каспий теңізінің акваториясы арқылы 10 келі апиын мен 8 келі гашиш әкелмек болған кезде ұсталды.

Шетел азаматтары мемлекеттік шекараны қайықпен заңсыз кесіп өткен. Қылмыскерлер қолданған қайық жеңіл әрі жылдам қозғалатындықтан оны радиолокациялық құралдармен анықтау қиындық тудырған, - делінген ҰҚК таратқан ақпаратта.

Есірткі түнде тасымалданған. Қылмыскерлер навигация үшін GPS және спутниктық байланыс құралдарын пайдаланған.

Сот барысында сотталушылардың кінәсі қылмыстық іс материалдарымен толық дәлелденді.

2023 жылдың ақпанында Маңғыстау облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған соты күдіктілерге қатысты үкім шығарды. Олар қылмыстық кодекстің 286-бабы 4-тармағына сәйкес кінәлі деп танылды.

Айта кетейік, бұл бап бойынша сотталушының мүлкi тәркiленiп, 15 жылдан 20 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама