×

Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен босатылған Қорғаныс министріне сот үкімі шықты

Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды

 Халық үні 09.03.2023 | 12:11
Фото: ашық дереккөз

Бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектанов 12 жылға сотталды. Бұл туралы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот baigenews.kz ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери соттың үкімімен бұрынғы қорғаныс министріне 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды, - делінген ақпаратта.

Еске салайық, 2022 жылдың 19 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізді. Кеңес барысында президент Мұрат Бектановты Қорғаныс министрі лауазымынан босатып, бұл қызметке Руслан Жақсылықовты тағайындау туралы жарлықтарға қол қойғанын хабарлады.

Сол жиында Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы Қорғаныс министрін сынға алып, Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмағанын, министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмағанын ашық айтты.

2022 жылғы 19 ақпанда Бас прокуратура бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Кәрібайұлы Бектановқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 452-бабы әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.

2022 жылғы 20 ақпанда Бектанов осы қылмысты жасады деген күдікпен ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама