×

«Зейнеттен кейін де өмір бар»: Күміс еріктілік дегеніміз не және олар кімге көмектеседі

Қазір Қазақстанда 120 күміс ерікті бар

 Айнұр Шошаева 07.03.2023 | 13:44
Фото: Halyq Uni

Қазақстанда бірнеше жылдан бері күміс еріктілер қозғалысы жұмыс істейді. Ол адамдарға көмектесіп, қайырымдылық мәдениетін қалыптастыру үшін зейнеттегі ата-әжелерді біріктіріп отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.  

Елорданың «Күміс еріктілері» медициналық-әлеуметтік мекемелерде іс-шаралар мен мерекелер өткізеді, экожобаларға қатысады. Сондай-ақ зейнетте отырған қарттарға жұмыс, достар пен пікірлес адамдарды табуға көмектеседі. Астананың күміс волонтерлерінің үйлестірушісі Гүлбаршын Қасыманова білім беру саласында жұмыс істеген. Қосымша қоғамдық және қайырымдылық жұмыстармен айналысты. Сегіз жыл бұрын елордаға Шығыс Қазақстаннан көшіп келіп, бүгінде қоғамдық жұмыспен айналысуын жалғасытырып жатыр. 

«Совет одағы кезінде идеология жақсы болды, белсенді болуды үйретті. Пионер, комсомолдан басталған белсенділік бүгінге дейін жалғасып келеді. Негізі күміс еріктілік бұрыннан бар. Мәселен, ШҚО-да оқу-өндірістік комбинатында жұмыс істегенде тәлімгер апа-әжелер болды. Қарап отырсам кішіге тәлімгер болып, білгенімен бөлісудің өзі еріктілік. Астанада жан-жақтан келген қарттар көп. Бастапқыда танысқан ата-апалардан «ешкімді танымаймыз, бізге ақпарат жетпейді» дегенді жиі ести бастадым. Сөйтіп ата-әжелердің басын қосып, күміс еріктілікті дамыта бастадым», – деді ол.

Гүлбаршын Қасыманова волонтерлік миссиямен Африка, Еуропа мен Американың 10 еліне болып, тәжірибе жинады.  

«Егде жастағы адамдардың университеті деген топ құрдым. Жалпы жанашырлық пен жәрдемдесу деген біздің қанымызда бар. «Асар» деген қазақтың салты соған дәлел. Біздің тобымызға бірдіндеп зейнеткерлер қосыла бастады. Біреуге жұмыс, біреуге қаржылай көмек, енді біріне қарым-қатынас пен достық қажет болды. Бізді айналамызға жақсылық жасауға және қоғамға пайдалы болуға деген ұмтылыс біріктіреді», – деп қосты волонтер. 

Оның айтуынша, зейнеттегі қарттар қоғамға өз пайдасын тигізе алады. Пандемияға байланысты карантин кезінде күміс еріктелер жасына қарамастан, қоғамдық жұмысқа белсене араласқанын мысалға келтірді. 

Біздің мақсатымыз – бір-бірімізге (қарттарға) болысу, жастарды қолдау және үкіметке көмектесу. Жылдар бойы жинаған тәжірибеміз бен біліміміз бар. Оны жастармен бөлісуіміз керек деп есептейміз. Ковид кезінде күміс еріктілер көп жұмыс істеді. Дәріханада медициналық маска табылмай жатқан әжелеріміз үйден отырып маска тікті. Тіпті, дәрі-дәрмектің бағасын бақылаған топқа қосылып, рейдке шыққан кездеріміз болды. Көмек сұрап хабарласатын адам көп. Қариялардан бөлек, жастар, сондай-ақ балаларының еміне ақша сұрап ата-аналар бар. Қолымыздан келгенше ақша жинап, көмектесуге тырысамыз, – деп толықтырды сөзін. 

Бүгінде елімізде күміс еріктілер қозғалысының 120 мүшесі бар. Оның 49-ы астанада. 

«Негізі еріктілер одан да көп болуы мүмкін, себебі үлкен адамдар жақсылықты жарияламай істеу керек деп ойлайды. Тобымыздағы бір ерікті Алматыда, біреуі Өскеменде, 2-3 елорданың жанындағы ауылдарда тұрады. Ерікті боламыз, қатарымызға қосыламын деген адамдарға ашықпыз», – дейді Гүлбаршын Қасыманова. 

Алайда осынша волонтердің бас қосып, іс-шараларын өткізетін басыбайлы кеңсесі жоқ. Қазір ерікті ата-әжелер биліктен осы мәселеге назар аударуын сұрап отыр.

«Бұған дейін бір ғимаратымыз болған. Онда демалыс күндері жиналып ән айтып, би билейтін едік. «Көп шулайсыңдар» деп ол жерден шығарып жіберді. Әрине, оған ренжідік, бұл қарттарға деген құрметсіздік деп есептейміз. Қазір көшпенді болып жүрміз. Орайы келгенде билікке базынамызды айтып қалайық: егде жастағы волонтерлер бас қосатын ғимарат керек. Қаланың ескі орталығынан бір кеңсе берілсе дейміз. Не болмаса жұмыс істеп тұрған төрт орталықтың біреуінен белгілі бір уақыт берсе, сол жерде жиналып отыратын едік», – деді волонтер. 

Айта кетейік, бүгінде елорданың төрт ауданында зейнеткерлерге арналған белсенді өмір сүру орталықтары жұмыс істейді. Волонтер ата-әжелер аталған орталыққа барып, замандастарымен араласады. Сондағы спорттық секцияларға қатысып уақыт өткізеді. 

Жасым 74-ке келіп қалды. Үлкен адамдарға не керек? Ең алдымен сыйластық пен қарым-қатынас керек. Ол болмаса мұнайып қаламыз. Өзім шахмат пен тенниске барам, ағылшын тілі курсына жазылдым. Ми жұмыс істесе қартаймайды дейді. Орталыққа келіп бір-бірімен танысып, достасып тіпті табысып жатқан адамдар бар. Мәселен, былтыр орталықта танысып, хорда бірге ән айтып жүрген бір ата мен әже үйленіп, тойын жасады», – дейді күміс ерікті Мұрат Спанқұлов

Елдадағы белсенді күміс еріктінің бірі Зүлфира Мұғизова, ол қазір 65 жаста. Әріптестері өткізетін іс-шаралар мен экологиялық акциялардан қалмайды. 

«Зейнеткерлерге қарым қатынас керек.Тым болмағанда 5-10 адам жиналып, игі іспен айналысса қоғаммен бірге болады. Теледидардың алдында отырғаннан пайдалы деп есептеймін. Зейнетке шығып, қоғамға керексіз болып қалған соң, тұйықталып қалады екенсің. Өзім сияқты зейнеткерлермен танысып, достасып кеттім. Жиналып вальс билеуді үйрендік. Қазір қазақ тілін үйреніп жүрмін», – деді волонтер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама