×

Шымкентте алаяқ көпбалалы ананы алдап кеткен

26 жастағы қыз одан басқа тағы 3 адамның ақшасын жымқырған

 Динара Амантай 02.03.2023 | 10:37
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте 26 жастағы қыз атаулы әлеуметтік көмек алып беремін деп көпбалалы ананың ақшасын алып қойған, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қалалық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Абай ауданының полиция басқармасына алаяқтық жайты туралы арызбен жергілікті тұрғын жүгінген. Жәбірленушінің айтуынша, танысы оған сыйақысы үшін атаулы әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесуге уәде берген. «Көмегі» үшін әйел алаяққа 160 мың теңге берген. Арада бірнеше ай өтсе де ол уәдесін орындамаған.

Тергеушілер фактіні «Алаяқтық» бабы бойынша СДТБТ-не тіркеді. Іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталып, полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу барысында тәртіп сақшылары оның бұдан басқа 3 алаяқтыққа қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығынның жалпы сомасы – 1 миллион теңгеге жуық.

Күдіктінің арбауына алданғандардың саны артуы мүмкін екендігі жоққа шығарылмайды. Ұсталған 26 жастағы қала тұрғынының осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін бұрын сотты болғаны анықталды. Қазір тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама