400 автобус керек: Астанадағы қоғамдық көлік саны 5 жылда небәрі 14 автобусқа көбейген

Бауыржан Мұқанов

2018 жылдан бері халық саны 1 млн-нан 1,3 млн-ға дейін өсті

Фото: Halyq Uni

2018 жылдан бері Астана қаласының көше жол желісін және көлік инфрақұрылымының құрылыстарын жөндеуге жалпы 35,3 млрд теңге бөлінді, деп жауап берді шаһар әкімдігі Halyq Uni редакциясының ресми сауалына. 

Бұл қаражатқа соңғы бес жылда 270 км құрайтын 476 көше жөнделген. Атап айтқанда: 

  • 2018 жылы 7 млрд теңгеге 64 көше (44,67 км); 
  • 2019 жылы 5,3 млрд теңгеге 31 көше (20,89 км); 
  • 2020 жылы 13,8 млрд теңгеге 164 көше (97,93 км);
  • 2021 жылы 9,1 млрд теңгеге 107 көше (46 км); 
  • 2022 жылы 17,7 млрд теңгеге 110 көше (60 км) жөнделген. 

Әкімдіктің мәліметінше, бұдан бөлек көрсетілген қаржыландыру есебінен 45 әлеуметтік нысандарға жолдар салынды, 25 автотұрақ құрылды, жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысы үшін 70-тен астам учаскіде тротуар салынды, халықтың аз қозғалатын топтары үшін тротуарлардан 1000-ға жуық арба съездері/пандустар/жабдықтандырылды, жолаушылар ағынына сапалы қызмет көрсету үшін 100-ден астам аялдама қалталары орнату және т.б. жұмыстар жүргізілді.

Сондай-ақ, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын 250-ден астам көшелер мен көлік инфрақұрылымының құрылыстары  ағымды жөндеу жұмыстарымен қамтылған.

Қазіргі таңда, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қатты жабыны жоқ көшелердің ұзындығы 64 шқ-ға дейін төмендеді, ал жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің көрсеткіші 92,5% құрайды, – дейді әкімдік.

Айта кетерлігі, жабындардың жөндеуаралық қызмет ету мерзімі қолданыстағы нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес айқындалады. Қазір орташа жөндеу үшін жөндеуаралық қызмет мерзімі 3 жылдан 6 жылға дейін (жол санатына және көлік құралдарының қарқындылығына байланысты), оның ішінде 3 жылға мердігер кепілдік береді және осы аралықта ақау анықталған кезде мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жөндейді.

Қоғамдық көлікке келер болсақ, соңғы 5 жылда (2018 жылдан бастап) олардың саны 882-ден 896 бірлікке көбейген. Яғни, бес жылда автобус парктеріндегі автобус саны 14-ке ғана көбейген. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша 400 бірліктен аса автобус тапшылығы бар. Ал қолданыстағы 896 автобустың 5,7 пайызының тозығы хеткен.

Жалпы, соңғы 7 жылда қаланың автобус паркі 75%-ға жаңартылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордадағы әлеуметтік нысандар мен мамандар тапшылығы туралы жариялаған едік. Атап айтқанда, қалада 26 мың оқушыға орын жетпейтінін, сонымен қатар дәрігерлер мен мұғалімдердің аздығын хабарлаған болатынбыз.