×

Астанада 26 мың оқушыға орын жетпейді

Соңғы бес жылда 61 мектеп салынған

 Бауыржан Мұқанов 13.02.2023 | 16:24
Коллаж: Halyq Uni

Астана қаласында 18 мектепте бала саны шамадан тыс. Тағы 8 мектеп үш ауысыммен оқиды. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасы Halyq Uni редакциялық сауалына берген жауабында мәлімдеді. 

Басқарманың мәліметінше, қаладағы мектептердегі жалпы орын тапшылығы 26 454. 

«Үш ауысымдық және бала саны шамадан тыс мектептердің санын азайту мақсатында биылғы оқу жылында 11 мектеп салынып, пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қазіргі таңда оның үшеуі пайдалануға берілді. Осы оқу жылында тағы 8 мектеп пайдалануға беріледі. 2019 жылдан бастап Астанада 36 мектеп салынды. Мектеп құрылысына жеке қаражат та тартылуда», – деп жауап берді басқарма. 

Білім басқармасы келесі оқу жылында 13 мектеп салынатынын хабарлады.

«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 100 мың оқушыға арналған (2 ауысымда) 25 ірі мектепті жобалау басталды. Жаңа форматтағы мектептердің құрылысы биыл басталады», – делінген ресми жауапта.

Қалада мектеп салуға 158 жер учаскесі белгіленген. Жер телімдері қаланың барлық аудандарында әлеуметтік нысандарға қажеттілік ескеріле отырып орналастырылған. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына әр ауданда (шағын аудандарда) оқу орындары болуы жөнінде арнайы бағыт бекітілді.

Жыл санап халқы көбейіп келе жатқан қалада мектеп жасындағы балалар саны да жоғары қарқынмен көбейіп келеді. 2018 жылы қалада жалпы білім беретін 101 мектеп болған. Соның ішінде 85-і мемлекеттік, 16-сы жекеменшік еді. Ондағы оқушылар саны 159 923 болды. Ал 2022-2023 оқу жылында мектеп саны 162-ге жетті. Соның ішінде 99-ы мемлекеттік, 56-сы жекеменшік, 7-еуі республикалық мектеп. Ондағы оқушылардың жалпы саны 236 757.

Сонымен қатар елордада метеп оқушыларына арналған 2 183 үйірме және спорт секциялары жұмыс істейді, оған 151 104 бала барады. Бүгінгі таңда мектеп оқушыларының 76% қосымша біліммен қамтылған, – делінген жауапта.

Мектептен тыс ұйымдарда және жалпы білім беретін мектептерде спорт секцияларымен қамтылған білім алушылардың үлесі 44,5% құрайды (87 972 бала). Осы мақсатта білім беру ұйымдарында 910 спорт секциясы жұмыс істейді.

Сонымен қатар, 2022-2023 жылдары білім беру ұйымдарында домбыра және шахмат бойынша үйірмелері енгізілді. Бүгінгі таңда домбыра үйірмелерінде 3 500, ал шахмат үйірмелерінде 3 503 бала айналысады.

Мемлекеттік атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан балаларды қамту үшін жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және білім алушылардың өзге де санаттары үшін 2023 жылы қосымша білім беру бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысына 1 364 орын бөлінді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елордадағы мұғалімдер тапшылығы туралы жазған едік. 

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама