×

Математика мен физика мұғалімдері: Астанада 500-ден астам педагог жетіспейді

Балабақша тәрбиешілеріне сұраныс жоғары

 Бауыржан Мұқанов 08.02.2023 | 11:44
Фото: Halyq Uni

Таяуда Астана қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада мұғалімдердің тапшылығы бар екенін мәлімдеді. Осы орайда, Halyq Uni қаладағы педагог тапшылығы қанша екенін және қандай мұғалімдерге қажеттілік жоғары екенін анықтап көрді. 

Астана қаласы білім басқармасының мәліметінше, елорданың білім беру ұйымдарында 21 мыңнан астам педагог жұмыс істейді. Ұлттық білім беру деректер қорына сәйкес жалпы орта білім беретін ұйымдарына 40 педагог, арнайы білім беру ұйымдарына – 92, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында – 400-ге жуық педагог қажет. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтеріне тапшылық жоқ.         

Білім саласына негізгі тапшылық арнайы педагогтерге (логопед, дефектолог), мектепке дейінгі білім беретін ұйымдарындағы тәрбиешілеріне, сонымен қатар, орыс тіліндегі бастауыш сынып мұғалімдері, математика, физика, информатика пән мұғалімдеріне қажет, – деп жауап берді білім басқармасы редакция сауалына.

Басқарма мәліметінше, педагог тапшылығын жою үшін педагогикалық мамандықтар бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы берілді. Оның ішінде 2026 жылға дейін ТжКБ ұйымдарында 5500 орынға және жоғары оқу орындарында 4 300 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы енгізілді.

«Сонымен қатар, педагог тапшылығы ішкі және сыртқы көші-қон есебінен және бос орындар жәрмеңкесіне қатысу арқылы жабылады», – делінген жауапта. 

Halyq Uni елордадағы әлеуметтік нысандардағы маман тапшылығына қатысты мақалалар сериясын жалғастырады. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама