×

«Оңтүстіктегі жағдай күрделі»: Үкімет басшысы министрлер мен әкімдерге тапсырма берді

Премьер қар шығару жұмыстары барлық өңірде тиісті деңгейде атқарылмай отырғанын айтты

 Дәурен Ерболат 28.02.2023 | 11:07
Фото: gov.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов су тасқыны қаупін азайту үшін министрлер мен әкімдерге тапсырма берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, биыл қардың көп жаууы және жердің қатып қалуы су тасқыны қаупі жоғары екенін көрсетеді.

Бүгінде елді мекендерден 11 млн текше метрден астам қар шығарылды. Дегенмен, бұл жұмыс барлық өңірде тиісті деңгейде жүргізіліп отырған жоқ. Өңір әкімдері қар шығару жұмыстарын    күшейтуі қажет. Биыл еліміздің оңтүстік өңірлерінде күрделі жағдай қалыптасқанын бәріміз көрдік. Оған су бұру арналарының, арықтардың, қорғаныш жер үйінділерінің болмауы себеп болған, - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Премьер-министр Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарындағы дренаждық жүйелердің жауын-шашынның көп мөлшеріне қуаты жетпегенін, кей жерлерде олар мүлдем жоғын атап өтті.

«Мысалы, Атырауда қар күрт еріп, көшелерді су басып қалды. Сондықтан арықтарды, нөсер кәріздерін тазартып, уақытша жер үйінділері мен бөгеттер салу қажет. Индустрия министрлігі мен өңір әкімдері жолдарды, көпірлерді, су өткізу құрылыстарын бекіту жұмыстарын жалғастырсын. Қазгидрометтің болжамынша, наурызда еліміздің оңтүстік және шығыс өңірлерінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері нормадан жоғары болады. Бұған дайын болу керек», - деді премьер.

Осыған байланысты Әлихан Смайылов министрлер мен әкімдерге тапсырма берді.

«Біріншіден, Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, «Көктем-2023» республикалық оқу-жаттығу шаралары шеңберінде тасқын қаупі туындаған жағдайда нақты іс-қимыл алгоритмін пысықтасын. Жарылғыш заттар мен инертті материалдардың қажетті қорын дайындап, хабарландыру жүйелерінің дайындығын тексерсін.

Екіншіден, Экология министрлігі өңір әкімдерімен бірге коммуналдық, жекеменшік және иесі жоқ гидротехникалық құрылыстарды жөндеу жөніндегі шараларды әзірлеп, қажет болғанда олардың техникалық жағдайы мен жөндеу мәселесін Су кеңесінің қарауына шығарсын.

Үшіншіден, Қазгидрометтің наурыздағы болжамын ескеріп, су қоймаларын толтыру көлемін қайта қарау керек. Қажет болса, оларды алдын-ала қауіпсіз босату жөнінде шаралар қабылдануға тиіс», - деп сөзін түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама